Жарылыстан зардап шеккен тұрғындардың жағдайымен танысты.
Түркістанға арнайы іссапармен келген «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арыс қаласына ат басын бұрды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қаладағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Облыс әкімі Ө.Шөкеев пен филиал төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев қаланы қалпына келтіру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Қазіргі таңда Арыс қаласында тұрғын үйлер саны 8522 болса, оның 7063-сі зақымданған, 468 тұрғын үй жарамсыз. Сонымен қатар бүгінгі таңда 7208 тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, отбасылар өз үйлеріне қоныстанған. Қазіргі таңда басынан бой көтерген бірқатар үйде құрылыс жұмыстары жүргізіліп, таяу арада пайдалануға берілмек.
Арыстағы сапар кезінде Б.Байбек №9 секторға қарасты Ахымбеков көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып, тұрғындарымен кездесті. Тұрғын үй өткен ғасырда жұмысшы жастарға арналып салынған екі қабатты, әр адамға 36-40 шаршы метрлі жатақхана болған. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан құрылыс талаптарына сай салынып жатқан толыққанды үш қабатты тұрғын үйде әр тұрғынға 50 шаршы метрлік баспана тиесіл болмақ.
Сондай-ақ, құрылысы біткен тағы бір үйде Ибрагимовтер тұрады. Жарылыстан соң арнайы келген партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек бұл отбасымен кездесіп, жөндеу жұмыстарын партия бақылауға алатынын айтқан болатын. Бүгінде құрылысы толық біткен жаңа үйде сәби дүниеге келіпті.
А йта кетейік, облыстық партия филиалы тарапынан құрылған жұмысшы топ құрылыс сапасы мен тұрғындардың жағдайын білу үшін секторлар бойынша бақылау жүргізіп, тұрғындардың шағымдары бойынша арнайы кездесулер мен қабылдаулар өткізіп келеді. Тұрғындардың мұң-мұқтаждарын ескеріп, оңды шешу үшін тиісті жұмыстар қолға алынған.
2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша 53 үй иесі құрылыс сараптамасының қорытындысымен келіспеген еді. Мәселе уақтылы назарға алынған соң бүгінгі таңда наразылар саны азайған. Тұрғындармен кері байланыс орнатуда облыстық, қалалық партия қызметкерлері мен белсенділерінен және қала әкімдігі мен құқық қорғау өкілдерінен құрылған жұмысшы топ құрылған. Бұл ұйым құрылыс сапасын тексеріп, азаматтарға қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру үшін жұмыс істеуде.
Арыс қалалық партия филиалына бүгінге дейін 204 ауызша-жазбаша арыз тіркеліп, оның 123-і оңтайлы шешілген. Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Орталық аппаратқа, облыстық қалалық партия филиалдарына және Call орталығына телефонмен түскен арыз-шағымдарға орай, құрылыс жұмыстарының сапасына келіспеген 221 тұрғын үй иелері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көмек көрсетілді.
Тұрғындармен арнайы кездескен Б.Байбек Арыста әрбір азаматтың талап-тілегі ескерілетінін айтып, партия филиалына жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.