ТҮРКІСТАН: Бекжігіт Сердәлінің қос томдығы оқырманға жол тартты

0
971

Замандастары мен достарының жылы пікірлері де осы кітапта жинақталған.


ТҮРКІСТАН: Бекжігіт Сердәлінің қос томдығы оқырманға жол тартты

Түркістанда Бекжігіт Сердәлінің қос томдығы оқырманға жол тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жастар сыйлығының лауреаты, журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлінің «Сөйле десең, сөйлейін. Мен қазақтың баласы!» атты екі томдық кітабының тұсауы кесілді. Шараға Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым бастаған зиялы қауым өкілдері, Түркістан қаласы және Сауран ауданы әкімдігінің өкілдері, қаламгердің замандастары мен шәкірттері қатысты.


Салтанатты шараны Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, республикалық «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков пен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова ашып берді. Сонымен қатар кітапхана директоры Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың құттықтауын жеткізіп, Алғыс хатын табыстады.


Кеш барысында тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан автордың қос томдығында қоғамдық өмірдің түрлі тақырыптарына қалам тербеген тәрбиелік һәм танымдық мәні бар әлеуметтік желілерде жарияланған қысқа жазбалары мен сұхбаттары топтастырылған. Сондай-ақ, замандастары мен достарының жылы пікірлері де осы кітапта жинақталған.


Келген қонақтар арнайы дайындалған көрмені тамашалады. «Жас жұбайлар» әнінің шығу тарихына арналған шағын қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Ал көпшілік назарына ұсынылған бейне туынды кеш иесін таныта түсті. Содан соң сөз алған Түркістан қаласы әйелдер алқасының төрайымы, ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева, «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбек, Түркістан облыстық қазақ тіл қоғамының төрағасы Бақытжан Сүлейменұлы, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Райхан Нарикова кітап авторы туралы жылы лебізін білдірді. Төл шәкірттері Мақсат Айтжанов, Қанат Садықбеков, Марат Оразымбетов ұстазына деген ақжарма тілегін арнап, әндерін орындады.


Түркісан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен кездесу барысында Бекжігіт Сердәлінің «Бұл қазақ» және «Қайдасыңдар, қазағымның қарттары?» атты қос бірдей жаңа терменің тұсауы кесілді. Сондай-ақ композитордың ел арасында кеңінен танылған «Келіп кет, қалқам», «Асыл жарға, «Қайдасың», «Ризамын», «Айналайын жеңеше», көрермен тарапынан «Неге, неге?» әні шырқалса, «Түркістаным Тұраным» әні кешті қорытындылады.