Облыс орталығында аз қамтылған азаматтардың үлесі төмендеген.
иллюстрациялық фото
Түркістан қаласы бойынша 2021 жылдың 3 айында, яғни бірінші тоқсанда 1791 отбасына Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның ішінде 1284 отбасы шартты түріне, 507 отбасы шартсыз түріне ие болды. Атап айтқанда, 1791 отбасының 9627 адамына 264 850,1 мың теңге төлем жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс орталығында аз қамтылған азаматтардың үлесі төмендеген. Яғни 2020 жылы аз қамтылғандар үлесі 14,1 пайызды құраса, 2021 жылы 9,1 пайызды құрап отыр. Одан өзге, Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1-6 жас аралығындағы 2397 балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама тағайындалды.
Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру үшін жеке куәлікпен өз үй жағдайында немесе Халықтық кеңсеге барып egov.kz порталы арқылы немесе Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіре алады. Сондай-ақ, Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары Ақпараттық жүйеден тиісті құжаттар бойынша сұрау салады. Болмаған жағдайда өтініш иесінен талап етіледі. Өтініш иесінің отбасылық табысының күнкөріс деңгейі және мұқтаждығы анықталып, шартты не шартсыз түрін алу бойынша шешім шығарылады.
Айта кетейік, екінші тоқсан бойынша Атаулы әлеуметтік көмек алудың 2021 жылы күн көріс деңгейі 33 190 теңге, кедейлік шегі 23 233 теңге болып бекітілді.