Аса ауыр жағдайда жеткізілген әйелді Келес ауданының ақ халаттылары аман алып қалған.
Түркістан облысы Келес ауданында 46 жастағы әйелді күйеуі балтамен ұрып соққан. Жұрттың төбе шашын тік тұрғызған қанды оқиға 27 сәуір күні болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қатты жарақат алған жәбірленуші әйелді арашалап алған куәгерлер жедел жәрдем шақыртқан. Аса ауыр жағдайда жеткізілген әйелді Келес ауданының ақ халаттылары аман алып қалған. Қазір жәбірленуші әйел аудандық орталық ауруханасында ем қабылдап жатыр.
"Ауруханаға жеткізілген соң шұғыл түрде ота жасалды. Қазір жан сақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Жағдайы отадан кейінгі жағдай, нашар немесе жақсы деп айта алмаймыз," - дейді дәрігерлер.
Орталық көшелердің бірінде әйелін балтамен ұрып-соққан күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен көп ұзамай тәртіп сақшылары қолға түсірген. Айғақты зат ретінде балта алынған. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалған.
"Полицейлер күдікті азаматты 2-3 сағат ішінде көшелердің бірінен ұстап, қамауға алынды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 24-99 бабы «Адам өлтіруге оқталу» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда," - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.