Кесененің құрылыс төзімділігі туралы қазір айту ерте
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зерттеу, сараптау жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қолға алынған жұмыстың мақсаты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабырғалары мен құрылыс материалдарын және Орта Азиядағы теңдессіз жәдігерлердің бірегейі, әрі кірпіштен өрген ең үлкен күмбездің техникалық жағдайын сараптаудан өткізіп, сан ғасырлық нысанның құрылыс жағдайына бақылау жүргізу, табиғаттың тосын әсерлері мен түрлі факторлардан болған кемшіліктерді анықтау, кесенені сақтап қалу.
Осы орайда, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты жанынан ғалымдар мен ғылыми мамандардан құралған сарапшылар тобы құрылып, кесене іргетасынан бастап күмбезге дейін сараптау жұмыстарын жүргізуде.
"Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты тек қазақстандық қана емес ТМД, Орта Азия елдерінің де мамандарын тәжірибеден өткізіп, мамандардың біліктілігімен танылған ұйым. Қазіргі таңда таңдаулы ғалымдар мен мамандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылыс материалдарының жарамдылығы мен төзімділігін, түрлі ішкі және сыртқы әсерлердің салдарынан зиян келген немесе жұмыс жүргізілуі тиіс аймақтарды анықтап, өз ұсыныстарын даярлайды. Қазіргі анықтауымыз бойынша кесененің іргетасы берік, өз қалпын мықтап сақтап тұр. Бұл бағытта жүргізілген реставрация жұмыстары да өзінің оң нәтижесін бергенін айтуға болады. Ал, құрылыс ғимаратының қабырғалары мен түрлі бөліктерінің сейсмикаға, өзге де жағдайларға төзімділігін арнайы құрылғылар арқылы анықтау үстіндеміз. Алынған талдамалардың нақты шешімі Алматы қаласындағы орталықта тиісті ғалымдардың бас қосуынан кейін қабылданып, нәтижесі белгілі болады. Кесененің құрылыс төзімділігі туралы қазір айту ерте",- дейді Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының өкілі Сырымбек Ержанов.
Ал "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов: "Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күтіп-сақтау мақсатында түрлі шаралар атқарылып келеді. Былтырғы жылы ЮНЕСКО Халықаралық ұйымының мамандары да кесененің құрылыс жағдайына талдау жүргізген болатын. Биыл да әлем мұражайларында 1 000-нан астам тарих және мәдениет, ежелгі қолданбалы өнер ескерткіштерін қалпына келтірген белгілі реставратор Қырым Алтынбеков, "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі, ғалымдар кеңесінің төрағасы Сырымғали Ержанов, өзге де ғалым-мамандар сараптау жұмыстарын жүргізуде. Адам баласы да дәрігерлік тексеруден өтіп тұрмаса, қай жерінің сырқаты барын сезбеуі де мүмкін. Сол секілді тарихи ғимаратымызды да толықтай зерттеуден өткізіп тұрудың маңызы зор", - деді өз сөзінде.
«Қазқайтажаңарту" кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаевтың айтуынша, аталған мамандармен жүргізілген жұмыс жалғаса береді. Алдағы уақытта кесенеге зиянды әсер беретін жер тербелісі, түрлі сілкіністердің көрсеткішін бақылайтын құрылғылар Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты арқылы да бақыланатын болады.
Айта кетсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады.