«TURKISTAN-JASTAR QALASY!» жастар фестивалі өтті

0
1 208

Жастар фестивалінде үш ай бойы 4 спорттық-шығармашылық алаңда 1680 іс-шара өткізілді.


«TURKISTAN-JASTAR QALASY!» жастар фестивалі өтті

Түркістанда «TURKISTAN-JASTAR QALASY!» атты жастар фестивалінің қорытынды кезеңі мен жабылу салтанаты өтті. Жастар жылы аясында қолға алынған жобаны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шараның мақсаты – жастар арасында мәдениеттің дамуына ықпал ету және насихаттау, бос уақытты ұйымдастыру, талантты жастарды анықтау, сондай-ақ жас дарындардың шығармашылық тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қолдау таныту. Салауатты өмір салтын насихаттау да басты назарда.

Бүгінгі таңда қала саябақтарында Street Ball, Street Workout, ұлттық ойындар алаңдары салынып, жастардың игілігіне берілді. Жастар фестивалінде үш ай бойы 4 спорттық-шығармашылық алаңда 1680 іс-шара өткізілді. Оған облысқа қарасты 13 аудан мен 3 қаладан 30 000-нан аса жас 6 бағыт бойынша қатысты. Түркістан облысы мен облыс орталығында спорттық-шығармашылық әлеуеті жоғары жастар шоғырын қалыптастыру, жастардың көше мәдениетін дамыту көзделген жоба арқылы жаңа спорт алаңдары көбейді.

Сондай-ақ спорттық додалардың апталық, айлық іріктеулерінен сүрінбей өткен кіл мықтылар ақтық сайыста бақ сынасты. Жастар спортпен қоса өз өнерлерін көрсетті. Атап өтер болсақ, Street Danse бойынша 1-орынды Kirin би тобы еншілесе, RAP сайысынан «Бекболат» тобы, Street Workout сайысынан Жетісай құрамасы, Karaoke байқауынан Өмірзақ Арайлым топ жарды. Ұлттық ойындарға келсек, асықтан Түлкібас құрамасы үздік атанса, ләңгіден Шардара құрамасы жеңімпаз болды.

«TURKISTAN-JASTAR QALASY!» фестивалінің жабылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Фестиваль қазақ эстрадасының жас жұлдыздарының концерттік шоу-бағдарламасымен жалғасты.