Маңызды жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің басшылары қатысуда.
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтіп жатыр. Маңызды жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің басшылары қатысуда. Саммит барысында мемлекет басшылары түркі интеграциясын нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту бағытында маңызды баяндамалар жасап, өзекті мәселелерді талқылады.
Басқосуды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізді. Мемлекет басшысы Түркістанның түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани маңызына тоқталып, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын атап өтті. Сонымен бірге түркі мемлекеттерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құру бастамасын көтерді.
Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны кең көлемде ақпараттандыру мақсатында Түркістандағы Woosong University базасында арнайы баспасөз орталығы жасақталды. Мұнда Қазақстанның және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 300-ден астам өкілі жұмыс істеуде.
Баспасөз орталығында журналистер үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған жұмыс орындары, жоғары жылдамдықтағы интернет және жедел ақпарат алмасу жүйесі ұйымдастырылған.
Түркістандағы саммит түркі мемлекеттері арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаң ретінде бағалануда. Ал халықаралық медиа орталықтың жұмысы жиынның ашық әрі кең көлемде насихатталуына мүмкіндік беріп отыр.


