Hubei Nonmetallic Geological Company тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер саласында мол тәжірибеге ие.
Ащысайда өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылындағы түсті металл комбинаты руднигінің металлургиялық цехына тиесілі қалдықтар қоймасы мен ауыл шетіндегі өндірістік шахта қалдықтарын тиімді пайдалану және қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Аталған қалдықтарды шаруашылық айналымға тарту арқылы экологиялық жүктемені төмендету, өндірістік әлеуетті арттыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру көзделіп отыр.
Осыған орай облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов шетелдік инвесторлармен кездесу өткізді. Аталған жобаға қызығушылық танытқан Hubei Nonmetallic Geological Company компаниясы нысанның инвестициялық тартымдылығын жан-жақты зерделеу, шлак жинақтарының ресурстық және технологиялық әлеуетін бағалау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен әлеуетті инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылдың ықтимал форматтарын айқындау мақсатында арнайы кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Кездесу барысында өнеркәсіптік қалдықтарды тиімді игеру жолдары, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жобаны іске асырудың кезеңдері мен негізгі шарттары жан-жақты талқыланды.
Hubei Nonmetallic Geological Company тексеру және зерттеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде геологиялық барлау және зертханалық зерттеулер саласында мол тәжірибеге ие. Компания бұған дейін Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерінде, атап айтқанда Ақтөбе, Алматы және Шиелі аймақтарында осындай жобаларды табысты жүзеге асырған.
Аталған бастама өңірдегі өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық жүктемені азайтуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған.
Бүгінде Ащысай ауылында 1 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 2 жалпы білім беретін мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 2 спорт алаңшасы және 1 пошта байланыс бөлімшесі жұмыс істейді. Кезінде өндірісімен танылған елді мекенде қазіргі таңда шамамен 2 мың тұрғын бар. Ауылдағы жолдардың жалпы ұзындығы 15,12 шақырымды құрайды.


