Өнім көлемі 111 млрд 413,4 млн. теңгені құрады.
Қазығұрт ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша облыста көш басында, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жыл басынан бері өңірлік өнім көлемі 111 млрд 413,4 млн. теңгені құрады. Ал жалпы тартылған инвестиция көлемі 12 млрд 579,9 млн. теңгеге жетті. Бұл туралы аудан әкімі Төлеген Телғараев Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Өңірде 10 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баяндаған аудан басшысы алдағы уақытта атқарылар шараларға тоқталды.
«Аудан экономикасының басым бағыты болып табылатын ауыл шаруашылығында 39 млрд 463 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 102,2 пайызды құрады. Егіс көлемі 88 629,2 гектарға жеткізіліп, 4 102,4 гектарға артты. Жуырда ғана облыс орталығы Түркістан қаласында өткен «ALTYN-KUZ-2020» ауыл шаруашылығы мерекесінде аудан диқандарының қажырлы еңбегінің арқасында «Астық өндіруші озат аудан», «Ет өнімдерін қайта өңдеуден озат аудан», сондай-ақ, «Агроөнеркәсіп кешенінің даму бағдарламасы көрсеткіштерін орындаудан озат аудан» номинацияларына ие болдық. Бұл көрсеткіш тұтастай аудан шаруаларының бірлесіп атқарған еңбегі», - деді Төлеген Тұртайұлы.
Бұдан өзге, биыл аудандағы 51 елді мекеннің 102 235 тұрғынын табиғи газбен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ, ауданда 77,47 шақырым ішкі көшелерге орта жөндеу және аудандық маңызы бар жолдар мен 1 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.