Онда заманауи технологиялар арқылы көкөністермен қатар, көшеттер де өсіріледі.
Қазығұрт ауданында шаруа қожалық жылына 600 тонна көкөніс өндіреді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Тұрбат ауылдық округіне арнайы іссапармен барып, “Сайдусман ата” шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған шаруашылық өңірдегі көкөніс өндіру ісін жолға қойған іргелі агроқұрылымдардың бірі. Онда заманауи технологиялар арқылы көкөністермен қатар, көшеттер де өсіріледі. Қожалықтағы жалпы жылыжай көлемі - 4 гектар. Оның ішінде, 1 гектары – көшет өндіруге, 3 гектары – көкөніс өсіруге арналған. Жылыжайда өндірілген өнімдер тек Қазығұрт ауданы көлемінде ғана емес, бүкіл елаумағына өткізілуде. Шаруашылықта 32 тұрақты жұмысшы және маусымдық кезеңде қосымша 80 адам жұмыс істейді. Жылына 2 маусымда шамамен 600 тонна көкөніс өндіріледі. Атап айтқанда, 360 тонна қызанақ, 240 тонна қияр. Сонымен қатар, әр маусымда 5 миллион данаға дейін әртүрлі көкөніс көшеттері өсіріліп, тұтынушыларға жеткізіледі.
Сонымен қатар, іссапар аясында аудан басшысы “Пасека Бал” шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Онда көкөніс өсірумен қатар, гүл шаруашылығына да басымдық берілген. Жылыжайдың жалпы көлемі – 2 гектар. Оның ішінде, 0,65 гектарға қияр, 1,35 гектарға гүл түрлері егілген. Жылына 502 мың дана раушан гүлі, 60 тонна қияр өндіріледі. Қожалықтың иелігінде 18 гектар егістік жер бар, оның 2 гектары суармалы алқап. Шаруашылықта 20 тұрақты жұмысшы еңбек етсе, маусым кезінде қосымша 30 жұмысшы тартылады.