100 шақырымға жуық 14 канал мен 10 қашыртқы тазаланады.
Келес ауданында 217 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2022 жылы Келес ауданында 94,8 шақырымды құрайтын 14 канал мен 10 қашыртқы тазаланады. Бұл жұмыстар үшін аудан бюджетінен қаражат бөлінді. Аталған жұмыстар аяқталған соң 217 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылса, ауылшаруашылығы мақсатындағы 9 569 гектарға су өткізу мүмкіндігі жақсарады.
Қазіргі таңда Өзбекстан Республикасы аумағынан бастау алатын трансшекаралық «Солтүстік Ташкент» каналын көрші елдің техникалары тазалауда. Каналдың еліміздің, соның ішінде Келес ауданы аумағындағы бөлігі — 19 шақырым. Ол канал өңірдегі 3 мың гектардан астам жерді суландырады. Оның ішінде Жүзімдік ауылдық округінде 550 гектарды, Бірлесу ауылдық округінде 1200 гектарды және Ақтөбе ауылдық округінің де аумақтарын суғарады.
Жалпы, Келес ауданына Келес өзені, Өзбекстан Республикасының теңгеріміндегі Бозсу өзені, Сырдария өзені және Зах су жүйесі арқылы ағын су жеткізіледі. Аталған су жүйелері арқылы 20 220,0 гектар аумақ суландырылады.