ТҮРКІСТАН: Келесте тағы екі ауылға табиғи газ берілді

0
556

9 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Келесте тағы екі ауылға табиғи газ берілді

Келес ауданының тағы екі ауылына табиғи газ берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының және Келес ауданының құрылғанына 5 жыл толуы қарсаңында Қошқарата ауылдық округінің Мақташы және Алғабас елді мекендеріне табиғи газ берілді. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы барып, табиғи газды қосу рәсіміне қатысты.


«Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы елді мекендердегі газға қатысты жобаларды жедел аяқтап, газдандыру жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Өңірде осы бағытта жұмыстар жүруде. Бүгін Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің Мақташы және Алғабас ауылындағы 258 үйді газға қосуға мүмкіндік туып отыр. Баршаңыздың шаңырақтарыңызға амандық, саулық және жылулық тілеймін», — деді аудан басшысы.


Аудан әкімі салтанатты рәсімнен соң жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Аудан аумағында атқарылып жатқан шараларға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.


Айта кетейік, Келес ауданында 133 753 тұрғын, 83 елді мекен бар. Оның ішінде 60 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Яғни елді мекендердің 72,3%, тұрғындардың 94,4% газдың игілігін көріп отыр (бүгінгі таңда 14 361 абонент бар). Биыл Келес ауданы бойынша 9 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде.