ТҮРКІСТАН: Келесте жастарға серпін берген кездесу өтті

0
165

Спикерлер алдымен бүгінгі таңдағы маңызды тақырыптар жөнінде ойларын ортаға салып, қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.


ТҮРКІСТАН: Келесте жастарға серпін берген кездесу өтті

Келес ауданының қайта құрылғанына 7 жыл толуына орай аудан тұрғындары үшін тағылымды кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шараға танымал тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызы, журналист-блогер Руслан Өтепбай, Әуесқой бокстан әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов, сондай-ақ аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов қатысты.


Кездесуге ауыл билері, ұстаздар, жастар, спортшылар және аудан тұрғындары келіп, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде еркін пікір алмасты. Спикерлер алдымен бүгінгі таңдағы маңызды тақырыптар жөнінде ойларын ортаға салып, қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.


— Келес ауданы қайта құрылған 7 жыл ішінде айтарлықтай дамуға қол жеткізді. Бұл — тұрғындардың бірлігі мен еңбегінің арқасы. Біз алдағы уақытта да жастарға қолдау көрсетіп, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамытуға, мәдениет пен спортты өркендетуге күш саламыз. Халықпен осындай ашық жүздесулер арқылы ортақ мәселелерді шешуге дайынбыз, – деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.


Кездесуде мектеп мұғалімдерінің құқықтары, оқушыларға тәлімді тәрбие беру мәселесі де қозғалды. Ауыл биі Рахматулла Ермеков мектеп оқушыларына ұялы телефон ұстатпау бастамасын көтерді.


Бұл ойды жалғаған Ләйлә Сұлтанқызы:


«Мұндай шешімдерді Президентке не министрлікке жеткізбей-ақ, әр мектептің өзі қабылдауға толық қауқарлы. Бастысы – ата-ана, мұғалім және жергілікті қауымдастық бірлесе әрекет етсе, нәтиже шығады», – деп, өз тәжірибесімен бөлісті.


Өз кезегінде аудан аумағындағы жеке меншік мектептің директоры бұл бастаманың өз оқу орнында жүзеге асқанын, оның оң нәтижелері байқалып жатқанын айтты.


Сонымен қатар, кездесуде ауылды көтеруде жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру мәселесі қозғалды. Спикерлер қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіровтың «Ауылды кәсіпкер көтереді» деген тағылымды сөзін еске алып, кәсіпкерлерді елді дамытуға үлес қосуға шақырды.


Басқосуда жастар да өз ұсыныстарын білдірді. 11-сынып оқушысы мектептегі буллинг мәселесін қозғап, оны оқушылармен ашық сөйлесу арқылы шешу жолын ұсынды.


Шара «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде өтіп, көпшілікке ой салатын, бірлікке үндейтін тағылымды кездесу болды.

Бөлісу