ТҮРКІСТАН: Келестік тұрғын органикалық тыңайтқыш өндіруді қолға алды

0
1 086

Өнімді химиялық тыңайтқыштарға қарағанда 2-5 есе артық алуға мүмкіндік береді.


ТҮРКІСТАН: Келестік тұрғын органикалық тыңайтқыш өндіруді қолға алды

Келес ауданында органикалық тыңайтқыштарды өндіру қолға алынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданы Қошқар ата ауылдық округының тұрғыны Нұржігіт Жангазиев биогумус өндіруді қолға алған кәсіпкерлердің бірі. Мақсаты – егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларды органикалық табиғи тыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, өнім көлемін арттырып, халықты табиғи дәрумендерге бай өнімдермен қамтамыз етуге үлесін қосу. Сұранысқа байланысты, алдағы уақытта өндіріс көлемін үлкейтуді жоспарлап отыр.


Оның айтуынша, әрбір егін шаруашылығымен айналысатын азаматтардың шаруашылығына қажетті биогумусты өздері де өндіруге қауқары жетеді. Ол үшін бар болғаны аз ғана жер ажыратып, колифорния қызыл құртын (шылаушын) малдың тезегіне тастап, қажетті ылғалдылықты сақтап тұрса, сол малдың қиы таза органикалық тыңайтқыш биогумусқа айналады екен. Бұл өз кезегінде химиялық тыңайтқыштарға кететін шығындарды азайтып, жердің құнарлығын арттырып, өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді. Жас кәсіпкер биогумус өндіру бойынша өз тәжірибесімен, аудан тұрғындарымен бөлісуге дайын екендігін жеткізді.


Айта кетейік, биогумус – топырақтың құнарлығын артырып, құрылымын және физикалық қасиеттерін жақсартады. Ал, өнімді химиялық тыңайтқыштарға қарағанда 2-5 есе артық алуға мүмкіндік береді.