Көзделген межелер 3 кезеңде іске асырылады
көрнекілік суреттер түрлі дереккөздерден алынды
Түркістан облысындағы экономикалық әлеуеті жоғары қалалар мен аудандарды дамыту жұмысы жоспарлы түрде іске асып жатыр. Бұған дәлел - облыс аумағындағы Кентау қаласы.
"Қаратау тәжі" деген атпен танымал болған тау етегіндегі Кентау қаласы бір кездері тау-кен орындарымен, түрлі зауыттарымен әйгіленген қала болатын. Кеңестік дәуірден кейінгі экономикалық соққыдан соң қайта бойын тіктеген қаланың бүгіні мен келешегі де зор екенін ондағы атқарылып жатқан жұмыстардан көруге болады.
Басқасын айтпағанда тек трансформатор зауытының өзі бүгінде Кентау қаласының атын әйгілеп-ақ отыр. Бұл зауыттан шыққан өнімдер қазірде ТМД мен Орта Азия елдерінде қолданылып, сенімді қызмет етіп келетіні жасырын емес. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орындары Кентау қаласында аз емес.
Қаланы дамытуға - нақты жоспар
Десек те, Кентау қаласының мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қаланы дамыту жоспары бүгінде түрлі жағдайларға қарай тереңнен зерттеліп, туындаған мәселелерге орай нақты шаралар қабылданып жатыр.
Мәселен, биылғы жылы арнайы Кентау қаласының Даму жоспары әзірленді. Үш кезеңнен тұратын бұл жоспарда белгілі әрі нақты меже бойынша ең алдымен әлеуметтік мәселелер шешімін таппақ. Ең алдымен қала тұрғындары арасындағы жұмыссыздық, жарықтандыру бойынша туындаған мәселелер, тазалық жұмыстары мен әрине, жол жағдайы қарастырылмақ. Бұл мәселелердің кезек күттірмейтініне де баса ден қойылып отыр.
Ал екінші кезекте - коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылымды жақсарту әрі дамыту түсу бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Ол үшін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, мәселер нақтыланған.
Әлбетте, қаланың Бас жоспарына сәйкес ұзақ мерзімді уақытқа жоспарланған шаруалар да жоқ емес. Бұл бойынша қаланы дамыту межеге алынып отыр.
Осылайша үш кезең бойынша атқарылатын жұмыстар нақтыланып, іске асырылатын уақыты да тиістілерге қатаң тапсырылған. Бұл туралы Кентау қаласы әкімін орынбасары Қуаныш Ысқақов қандай істер атқарылып жатқанын да мәлімдеген болатын. Даму жоспары бойынша қалада темір-бетон шығаратын және кірпіш зауыттары, асфальт-бетон өнімдерін шығару, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындар іске қосылуы тиіс еді. Сол сияқты, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, жылыжайлар мен мал бордақылау алаңдарын салу, шағын сүт және құс фермаларын ашу жұмыстары да жоспарланған болатын.
Жоспар бойынша аталған шаруалар біртіндеп іске асып жатыр
Кентау қаласын дамыту үшін қабылданған жоспар бойынша межелі жұмыстардың уақытылы іске асып жатқаны қуантады. Солардың бірі - қаладан ашылған кірпіш зауыты.
«Almaty NS Group» ЖШС жүзеге асырған экономикалық маңызға ие бұл кірпіш зауыты кентау қаласының өндірістік аймағында бой көтеріп, бүгінде айына 3 миллионнан керамикалық кірпіш шығаратын әлеуетін де көрсетіп үлгерді. Ал жылына 45 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Бұл тек бүгінгінің көрсеткіші ғана. Алдағы уақытта мұндай кірпіштің саны жыл сайын 4-5 пайызға көбеймек мамандардың пікірінше. Сондай-ақ кемінде 50 адамды жұмыспен қамтиды.
Зауыттың ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, жаңа өндіріс орнымен арнайы танысты.
Әлеуметтік мәселелер кезегімен шешімін тауып келеді
Халықтың ұсыныс-тілегі де талай мәселенің бетін ашатыны белгілі. Осы орайда көктем мезгілінде облыс әкімімен тұрғындардың кездесуінде біршама өзекті тақырыптар қозғалып, тізімге алынған болатын.
Қазіргі таңда Кентау қаласы табиғи газбен қамтылып, қала аумағында тұтынушы санын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. осы орайда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на 1981 тұтынушы техникалық шарт алу үшін өтініш берген. Мұның барлығы уақытында қаралаып, дер кезінде шешімін табады деп жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда қаланы газдандырудың І-кезең бойынша жұмыстар толық аяқталса, табиғи газбен қамтудың ІІ және ІІІ кезеңдері бойынша нысандарда қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді тиісті мамандар. Бұл ретте Кентау қаласын табиғи газбен қамту жұмыстары Түркістан қаласын газдандыру тәсілімен жүзеге асыруды көздеп отырған көрінеді.
ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, осы жылдың соңына дейін шаһарды 30 пайыз газбен қамту жоспарланған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында Кентау әкімі Рашид Аюпов Кентаудағы өзекті мәселелері туралы баяндап, ауыз су және кәріз жүйесімен, жылумен қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінде тұрғанын айтқан еді.
Ал жол мәселесіне келер болсақ, облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысы шекарасы - Құмкент - Шолаққорған- Ащысай - Р - 31» автомобиль жолының 76-91 шақырымына (Ащысай ауылы мен Ойық ауылының аралығы (15 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары тамыз айында толық аяқталып, нысан қазан айында пайдалануға берілетінінен тұрғындар да хабардар.
Кентауда су торабы салынады
Бүгінде Кентау қаласындағы ауыз су құбырының жалпы ұзындығы - 469 шақырым. Ал кәріз жүйесі - 100 шақырымға жуық. Тозығы жеткен құбырларды ауыстыру мәселесі талқыланып, көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, яғни балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшаларын орнату мәселесі бойынша да атқарылып жатқан жұмыс көп.
Қазіргі уақытта Кентау қаласының жер асты суларының деңгейін төмендету мақсатында «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, Кентау қаласында су төмендету жүйесін салу бойынша II кезеңнен тұратын жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Қаланы су басудың алдын алу бойынша жобалаудың екінші кезеңі төрт дербес жұмыс жобасы қамтылған. Мұндай ауқымды жоба аясында Мырғалымсай кен орнының жер асты суларының қазбаларына сүзілу және құламаудың алдын алу үшін «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасына тасқын суларды бұру үшін Хантағы өзенінде су торабы салынбақ.
Сондай-ақ арық жүйесін қалпына келтіру арқылы Кентау қаласындағы микроклиматты ұстап тұру үшін суды төмендету жүйесінің суы ішінара пайдаланылады. Қосымша Кентау және Түркістан қалалары аймақтарын суармалы сумен қамтамасыз ету қарастырылған.
* * *
Кентау қаласы тұрғындары үшін қолға алынған әлеуметтік жобалар да аз емес. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін жасалған "City Bike" жобасы да биыл іске асырылып, қаланың екі жеріне қойылған велосипедтер тұрғындар үшін тәулік бойына қызмет етіп жатқандығын айтпай кете алмаймыз. Қос дөңгелекті қоғамдық көлікті пайдаланып, иігілігін көріп жатқандар легі де аз емес.
Сонымен қатар, Кентау тұрғындары үшін биыл ашылған "Көктөбе" демалыс аймағының да игілігін ел көріп жатыр. Аты да айтып тұрғандай, бұл жерден Кентау қаласының барлық аймағын тамашалап, көркіне көз тойдыруға болады.
Әлеуметтік жағдайға баса назар аударылып жатқанын да атқарылған шаруалардан байқауға болады. Мәселен, тұрғындар өтінініші бойынша Кентау қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар 50 қоларбамен қамтылған.
* * *
Кентау қалалық әкімдігінің қаржы және экономика бөлімінің басшысы Ильхам Азизбаев шағын және орта бизнес нысандарын ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін айтып отыр. Бұл да тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік пен қаланың әлеуетін көтеу мақсатын атқарылып жатқан игі іс. Ал Ащысай, Хантағы және Қарнақ ауылдарындағы туристік нысандар іске қосылып, эко және этнотуризмді дамыту да жолға қойылып отырғандығын көруге болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта қала және өңірге қарасты ауылдар толығымен табиғи газбен қамтылып, су, кәріз жүйелері қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталып та кетті. Жаңа мөлтек аудандарда инженерлік инфрақұрылымдар, тұрғын үйлер салынып, көпқабатты тұрғын үйлер де күрделі жөндеуден өткізілмек. Осы ретте, 5 жалпы орта мектеп, өнер және ІТ мектептері, 6 бала-бақша, 2 мәдениет үйі мен 1 кітапхана, 2 спорт кешені, 2 емхана және 1 аурухана құрылысы жоспарланғанын да айта кеткен жөн.
Әлбетте, Даму жоспарын әзірлеу барысында қала халқы тарапынан айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар ескеріліп отыр.