ТҮРКІСТАН: Кентаудағы Хантағы ауылы көгілдір отынға қосылды

0
58

Қыстың қақаған аязында көгілдір отынның игілігін көретін ауыл халқы үшін маңызды әрі тарихи сәт.


ТҮРКІСТАН: Кентаудағы Хантағы ауылы көгілдір отынға қосылды

Кентау қаласында тағы бір ауыл табиғи газ жүйесіне қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді газдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Кентау қаласында тағы бір ауыл табиғи газ жүйесіне қосылды. Бұл жолы көптен күткен қуаныш Хантағы ауылында жалғасты. Қыстың қақаған аязында көгілдір отынның игілігін көретін ауыл халқы үшін маңызды әрі тарихи сәт.


Алты мыңнан аса тұрғыны бар Хантағы ауылы осы күнді асыға күткен болатын. Табиғи газдың келуі ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдетіп, экологиялық жағдайды жақсартуға серпін береді.


Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады.


Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірде инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.


–Облысымыздағы ауыл-аймақтарды қажетті инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Жыл басында Кентау қаласында көгілдір отынға алғашқы болып Байылдыр ауылы қосылған еді. Бүгін, міне, Хантағы ауылының тұрғындары да табиғи газдың игілігін көреді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.


Қаншама уақыттан бері пеш қолданып, от жағып, жылына бірнеше тонна көмір жағатын ауыл тұрғындары көгілдір отынның келгеніне дән риза.


Айта кетейік, қазіргі таңда Кентау қаласы бойынша 18 062 абоненттің 16 954-і, яғни 95 пайызы табиғи газ жүйесіне қосылған. Ал Хантағы ауылында жалпы ұзындығы 46 шақырымды құрайтын газ құбыры жүргізіліп, 6 634 тұрғыны бар елді мекенде 1 217 абонент көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Алдағы уақытта Кентау қаласына қарасты өзге де ауылдарды газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Бөлісу