ТҮРКІСТАН: Көгалдандыруға арналған семинар-кеңес өтті

0
490

Қазіргі таңда мекеме тұқымбақтарында бозарша, жайарша, қарағаш, айлант, үйеңкі, шаған, катальпа, терек, каштан, акация және тағы басққа түрлерінен жалпы 3 миллионнан астам көшет өсіріледі.


ТҮРКІСТАН: Көгалдандыруға арналған семинар-кеңес өтті

Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыруға арналған семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне елді мекендерді көгалдандыру, егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейте түсуді тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен барды. Ең алдымен «Жасыл желек» КММ қарасты тұқымбақта атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.


Қазіргі таңда мекеме тұқымбақтарында бозарша, жайарша, қарағаш, айлант, үйеңкі, шаған, катальпа, терек, каштан, акация және тағы басққа түрлерінен жалпы 3 миллионнан астам көшет өсіріледі. Оның 600 мың данасы үлкен көшеттер, қалғаны енді жетіліп келе жатқан жас өскіндер. Жалпы «Жасыл желек» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 тұқымбақ бар. Оның 20 гектары Қазығұрт ауылында, 2 питомник, яғни 40 гектары Қақпақ ауылында орналасқан.


Былтыр «Жасыл желек» КММ қарасты тұқымбақтан облыстағы елді мекендерді көгалдандыруға 150 мыңнан аса түп көшет тегін берілген болатын. Соның ішінде басқармаға қарасты мекемелерге 230 мың түп көшет босатылды. Жалпы 400 мыңға жуық әртүрлі көшет тегін үлестірілген. Биылғы жылдың көктем айында 250 мың көшет тегін берілетін болады.


Одан соң облыс әкімінің орынбасары бастаған топ аудандағы жасыл желектің артуына атсалысты. Қазығұрт ауылындағы ағаш отырғызу шарасында 20 түп арша мен 20 түп туя көшеттері отырғызылды.


Өңірді көгалдандыру және көркейту мақсатында Қазығұрт ауданында «Елді мекендерді көгалдандыру» тақырыбына арналған семинар-кеңес өтті. Оған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан, қала әкім орынбасарлары мен мамандары, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының «Ясауи білім» тарату орталығының ғалымдары, орман шаруашылығы мекеме директорлары мен салаға жауапты мамандар қатысты.


Онда тұқымбақтардың бүгінгі ахуалы, елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстары мен ағаш өсірудің проблемалары сарапталды. Сондай-ақ бейімделген ағаштарды дұрыс отырғызуы қажеттілігі айтылды. Жауаптылар өңірдегі елді мекендерді көгалдандыру, ағаш көшеттерінің өмір сүру деңгейін арттыруға байланысты және Қазығұрт ауданында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Облыста экологиялық ахуал қашан да өзекті екені сөзсіз. Сол себепті де бұндай шаралардың маңызы зор болмақ.


Көгалдандыру жобасына сәйкес, биыл көктемде 500 мыңнан аса түп көшет егу жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыста көшет егу жұмыстары басталды. Елді мекендерді көркейту жұмыстары ары қарай да жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, алғаш боп Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Ордабасы, Отырар ауданында көктемгі ағаш егу науқаны басталды.


Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара» жоспары бекітілген болатын. Үйлестіру жұмыстарының тиісті дәрежеде атқарылмауы да назарға алынды. Сондықтан Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйытқы болуымен Қазығұрт ауданында семинар-кеңес ұйымдастырылып отыр. Кемшіліктер ашық айтылып, нақты жоспарлар жасалып, тиісті тапсырмалар берілді.