ТҮРКІСТАН: Қоғамдық келісім кеңесінде өзекті мәселелер талқыланды

0
558

848,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Қоғамдық келісім кеңесінде өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысында Қоғамдық келісім кеңесінде ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Сарыағаш ауданында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиынды Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов ашып, жүргізіп отырды.


Кеңес отырысына Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Полатов, облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА хатшылығы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Таңатар Жақыпбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Едіге Абдулла, облыстық Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің аудан, қалалардағы төрағалары қатысты.


Жиында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА хатшылығы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков Мемлекет басшысының ҚХА Кеңесінде берген тапсырмаларының орындалу барысы мен Жолдауда жүктелген мақсат-міндеттерге тоқталды.


«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда халыққа арнаған Жолдауында «Алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деген болатын. Осы орайда Қоғамдық келісім кеңестері тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша өз жұмысын жалғастыруда. Соңғы жылдары шағын, әсіресе, шағын бизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарып келеді. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Сонымен қатар жайылым көлемін ұлғайту, егістікке қажетті ағын су жеткіліксіздігін шешуде өздеріңізбен күш біріктіріп, мәселелердің оң шешімін табуына атсалысатын боламыз», - деді Е. Керімбеков.


Сондай-ақ жиында облыстағы көктемгі егін егу, ағын су, жайылым мәселелері бойынша Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Таңатар Жақыпбаев және облыстағы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Едіге Абдулла баяндама жасады. Кеңесте ҚХА жанындағы Сарыағаш аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ергеш Исахов қоғамдық келісімді нығайту бағытында ауданда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.


Бүгінде Түркістан облысында 44 су қоймасы, 105 магистралді канал, 1699 шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арна, 1200-дей тік дренажды ұңғыма бар. Қазіргі таңда министрлік пен облыс әкімдігі тарапынан өңірде су үнемдеу технологияларын қолдану және оны жаппай енгізу бойынша ұйымдастыру, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 848,4 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде жоспарланған жаздық егістіктің (495 мың га.) 35 мың гектары егілген.


Жиынды қорытындылаған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов басқосуда көтерілген өзекті мәселелер назарға алынып, ұсыныс-пікірлерге жауап берілетінін жеткізді.


«Түркістан өңірі еліміздің түкпір-түкпіріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жөнелтетін бірден-бір облыс. Бүгінгі жиында ауыл шаруашылығы саласының дамуы, дихандарды, мал өсірумен айналысатын шаруларды толғандыратын мәселелер, оларды мемлекеттік қолдау, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерді несиелеу, субсидиялау туралы өзекті тақырыптар қозғалды. Бұл ретте салалық басқармалар өкілдері сұрақтарға тұшымды жауаптар беріп, мәселелердің шешу бағыттарын түсіндірді. Алдағы уақытта облыстық Қоғамдық келісім кеңесі тарапынан қажетті қолдау жасай отырып, игі істерді бірлесе атқарамыз деген сенімдемін», - деді С. Әбдіқұлов.