1 сағат ішінде полицейлер ақпарат көздері арқылы қылмыстың ізін суытпай ашты.
Түркістан облысы полицейлері қошқар ұрлап, оны сойып сатпақ
болған күдіктілерді қылмыс орнында ұстады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Созақ АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, түнгі сағат 01:00 шамасында қорасынан 1 бас қошқарын белгісіз біреулер жасырын жымқырып кеткенін айтқан. Келтірілген шығын көлемі 50 000 теңгені құрап, аталған жайт Созақ АПБ-ға тіркеуге алынды.
Хабарлама ала салысымен шұғыл әрекет еткен аудандық полицейлер оқиға орнына жетіп, қажетті шараларды жүргізген. Содан, көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды аралап шығып, мұқият іздестіру жұмыстарын жасайды. Нәтижесінде 1 сағат ішінде полицейлер ақпарат көздері арқылы қылмыстың ізін суытпай ашты. Күдіктінің жеке-басын анықтап, оның үйін тінту кезінде полицейлер қан іздері бар жіп, қапқа салынған жаңа сойылған етті тауып, айғақты зат ретінде алды.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті екі сыныптас жігіт алдын ала сөз байласып, жәбірленушінің малын өздерінің көліктерімен ұрлап, сойып сатпақ болған. Алайда, тәртіп сақшыларының кәсіби шеберліктері мен қырағылықтары арқасында күдіктілер анықталып, етін сатып үлгермеген. Олар қамауға алынды. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.