ТҮРКІСТАН: Күлтөбеден табылған алтын әшекейлер қорық-музей қорына қабылданды

0
1 236

Әшекейлердің жалпы саны 600-ге жуық.


ТҮРКІСТАН: Күлтөбеден табылған алтын әшекейлер қорық-музей қорына қабылданды

Күлтөбеден табылған II-III ғасырларға тән алтын сырғалар қорық-музей қорына қабылданды , деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласындағы ортағасырлық Күлтөбе қалашығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі.Қазіргі күнге дейінгі археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған заттардың ішінен ХVII-ХIХ ғасырларға тән 193 дана керамикалық, 77 дана мыс бұйымдар 298 дана ХVIII-ХIХ ғғ. тән монеталар, 17 фарфор ыдыстардың фрагменттері,II ғ. екінші жартысы-IV ғғ. тән 6 дана алтын әшекей мен ХIII- ХIV ғғ. тән 2 алтын сырға, 7 дана алтын әшекей бөлшектері сондай-ақ 9 дана күміс тиындар мен 2 дана күміс әшекейлер, жалпы саны600-ге жуық зат «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдениқорық-музейінің қорына қабылданды.

Ол олжалардың қатарында, Күлтөбе қалашығының ең көне құрылыс қабаттарынан табылған алтыннан жасалған әшекей бұйымдар: сырғалар, киімге тағатын бұйымдар бар. Олар б.з. II – IV ғғ. жасалған деген болжам бар.

Алтын сырғалар жұқа алтын фольгадан жасалған, әшекей беті анар тәрізді безендірілген, бұратылып жасалған. Күлтөбе қалашығынан табылған қазіргі уақытта ең ежелгісі және үлкен қызығушылық танытатын бұйым полихромды стилде жасалған,археологияда «калачик тәрізді» деп аталатын сырғалар.

Оңтүстік өңірде осыған ұқсас бір сырға, Ордабасы ауданында орналасқан Күлтөбе қорымының катакомба деп аталатын жерлеу құрылысында табылған болатын. Бүгінгі таңда мұндай түрдегі сырғалар өңірімізде кездеспеген.

«Әдетте алтыннан жасалған жәдігерлер қаланың ішінде емес сырттағы обалардан табылады. Күлтөбеден табылған сирек кездесетін жәдігердің де ерекшелігі осында. Мұның жасалу үлгісі сақ дәуірінде басқаша болған, қосымша тастарды әшекейлеп бетіне жапсыру болмаған. Бұл ғұн, сармат кезеңдеріне тән, II-III ғасырларға тән алтындар қатарын толықтырып тұр. Әрбір жәдігер ата-тегіміз бен салт-дәстүр, ғұрпымыздан хабар береді», - деді тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.

Сонымен қатар, XII-XIII ғасырларда сәнге айналған - сұрақ белгісінде жасалған, інжу тастармен безендірілген алтын сырға да бар.

«Мұндай сырғалар 2000 жылы Сауран қалашығының қазба жұмыстары барысында табылып қорға қабылданған болатын. Ғылымда мұндай сырғалар «қыпшақ» үлгісіндегі алтын сырғалар деп аталған және оларды билік өкілдері емес, қарапайым халық тұтынған деп атаған. Екінші әшекей сегіз саны пішінді етіп жұқа дөңгелек сымнан жасалған. Екінші жағында жұқа сымға 4 кішкентай інжу байланған. II-III ғасырларға тән алтындар Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап көрсеткендей сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері ең алғашқы металлургия пайда болған орталықтардың бірі болғанын және олардан түрлі әшекейлер жасау шеберліктерін меңгергендігін дәлелдейді», - дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдениқорық-музейінің Қор сақтау бөлімінің басшысы Н.Әшірбаева.

Айта кетсек, Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі -Күлтөбе қалашығын қайта қалпына келтіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты 2018 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Үздіксіз жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қоқан және қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орындары, ХVІІ-ХІХғғ. тән қыш-құмыралар, басқа да түрлі құнды жәдігерлер табылған.