ТҮРКІСТАН: Құтқарушыларға жаңа техникалар табысталды

0
81

Жаңа техника жолсыз және таулы жерлерде жедел жұмыс істеуге арналған.


ТҮРКІСТАН: Құтқарушыларға жаңа техникалар табысталды

Түркістан облысының құтқарушыларына жоғары өтімді Toyota HILUX автокөліктерінің кілттері салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шараға Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев , сондай-ақ Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты.


Төтенше жағдайлар вице-министрі халық санының өсуі мен технологиялардың дамуына орай құтқарушыларды жаңа техника және жабдықтармен қамтамасыз етудің аса маңызды міндет екенін атап өтті. Ол бұл жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын, құтқарушылардың халық игілігі үшін сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар атқарылатынын айтты.


Облыс әкімінің орынбасары құтқарушыларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жаңа техника – адам өмірін сақтауға, халықтың амандығын қамтамасыз етуге септігігін тигізетінін атап өтті.


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және оған жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүйелі жұмыс жүріп жатыр. 2018 жылы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасында 132 бірлік техника бар болды. Облыс әкімдігінің қолдауымен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 36 жаңа техника сатып алынды. Бұл – өрт сөндіру, құтқару және жедел әрекет ету бөлімшелерінің мүмкіндігін арттыруға бағытталған нақты қолдау. Сонымен қатар ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 8 өрт сөндіру бекеті салынған. Бұл нысандар ауыл тұрғындарын қорғау деңгейін көтеріп, өрт пен басқа да төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді, – деді Ертай Кенжебекұлы.


Аталған іс-шара Түркістан облысында азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.


Осындай автокөліктерді пайдалану құтқарушыларға қиын жететін аудандарға жылдам жетуге, барлау жүргізуге және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде қажетті жабдықты жеткізуге мүмкіндік береді.

Бөлісу