Байқауға кәсіпкерлік саланы жақсы меңгерген 30 – 55 жас аралығындағы 7 іскер қыз-келіншек қатысты.
Мақтаарал ауданында «Әйел. Қоғам. Бизнес» атты іскер қыз-келіншектер байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аудандық «Аналар алқасы» мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен байқауда аудан кәсіпкерлері «Мен әйелмін, әлемнің анасымын», «Менің бизнес әлемім», «Кәсібім – несібем», «Өнерім – өнегем» және «Үй тапсырмасы» сынды 5 бөлім бойынша сайысқа түсті.
«Біздің бұл сайысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – қыз-келіншектерімізді отбасы, ошақ қасында қалдырмай олардың қоғамдағы рөлін арттыру, мемлекетіміздің қолдауының арқасында кәсібін ашып, жетістіктерге жетіп жүрген, сол арқылы елдегі жұмыссыздықты еңсеруге үлесін қосып жүрген нәзік жандыларды халыққа таныстыру, өзге де қыз-келіншектерге үлгі ету», - дейді аудандық аналар алқасының төрайымы Сәуле Сейдуалиева.
Сайыс соңында кәсіпкерлік саласында толағай табыстарға қол жеткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген бірқатар нәзік жандылар аудан әкімі Бақыт Насырханұлының алғыс хатымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.