ТҮРКІСТАН: Мақтааралда тағы 3 елді мекенге газ берілді

0
348

Аудан елді мекендерін газбен қамту 100%-ға жететін болады.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда тағы 3 елді мекенге газ берілді

Мақтаарал ауданында 3 елді мекен көгілдір отынға қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданына қарасты Иіржар ауылдық округі Шапағат ауылына бұған дейін газ берілген болатын. Аталған округке қарасты тағы 3 елді мекен көгілдір отынға қосылды.


Қазан айынан бастап Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Округке қарасты Диқан, С.Рахымов және Азат елді мекендеріне табиғи газ беріліп, ауыл тұрғындары бұл хабарды үлкен қуанышпен қабыл алды.


Аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, жыл соңына дейін қалған 5 елді мекенге кезең кезеңімен газ берілетінін жеткізді.


Ауыл тұрғындары шынайы ризашылығын айтып, Мемлекет, облыс, аудан басшылығына және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлеріне алғысын білдірді. Иіржар ауылдық округіне қарасты Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, бюджеттен 1 млрд. 182 млн. теңге бөлінген болатын.


Жалпы Мақтаарал ауданында табиғи газға 18 477 абонент қосылған. Елді мекендердің 51,2 пайызына газ жеткізілген. Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елді мекеннің барлығына газ беру жұмыстары аяқталғаннан соң елді мекендерді газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға жетеді.


2021 жылы Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты жалпы 12 елді мекенге 1,9 миллиард теңге қаралып, қазіргі таңда жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 1,3 млрд. теңгеге қуаттылығы сағатына 50 мың куб метрді құрайтын «Мақтаарал» газ жеткізуші станциясының құрылысы да аяқталуға жақын қалды.


Бұдан бөлек, қалған газдандырылмаған 23 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысына және Мақтарал ауылдық округіне жеткізуші газ құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2022 жылы 10 жобаның сараптама қорытындысы алынса, қалған 13 елді мекенге жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.


Айта кетейік, жоғарыда аталған жұмыстардың бәрі іске асқан соң Мақтаарал ауданының елді мекендерін газбен қамту 100%-ға жететін болады.