Мақтааралдық жас келіндер бойындағы бар өнерін көпшілік алдында паш етіп, өзара сайысқа түсіп кім мықтыны анықтады.
Жоғалып бара жатқан дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, қазақылық қасиеттерді жастарға үлгі-өнеге ету мақсатында Мақтаарал аудандық мәдениет үйі мен “Жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен жас келіндер сайысы болып өтті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қазақ мәдениетін жаңғырту, қоғамда отбасы мен некенің маңыздылығын қалыптастырып, отбасы тірегі – әйел-аналарымыздың рөлі мен міндеттерін айшықтау, ұмыт қалған салт-дәстүрлеріміздің құндылықтарын оралту мақсатында “Ақ алтын” мәдениет үйіндеөткен сайыста кенттер мен ауылдық округтерден келген 9 келін қатысты. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен, асыл қасиеттері бойынан табылған келіндер қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, ұлттық тағам түрлерін әзірлеу, ісмерлік пен қолөнер шеберліктерін қаншалықты меңгергендіктерін көрсетіп, өзара сайысқа түсті.
Аталмыш сайыстың өскелең ұрпаққа, әсіресе, қыз балаларға берер тәрбиелік мәнінің жоғары екенін алға тартады ұйымдастырушылар. Өйткені, сайыстың белгіленген шарттарына байланысты үлгілі отбасында үйлесім тауып ибалы келін, инабатты жеңге, аяулы ана, ардақты жар бола білген жандарды болашақ қазақ келіндеріне үлгі ретінде көрсету – негізгі міндеттерінің бірі.Байқаудың ақтық сынында жас келіндер өздерінің үй шаруасының ғана білгірлері емес сөз саптаулары мен өз өнерлерін көрсетіп сынға түсіп, көпшіліктің көңілінен шықты.
Өнерімен өзгелерден оқ бойы озып, жүлделі орындарға ие болған сайыскерлерге, басқа да қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы номинациялар бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.