ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтардың тұрмысын жақсартуға барлық жағдай жасалып жатыр

0
507

Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, 9 шақырым жол төселді.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдықтардың тұрмысын жақсартуға барлық жағдай жасалып жатыр

Мақтаарал ауданындағы 70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 400 үйге тұрғындар көшіп келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданында тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға барлық жағдай жасалуда. Үкімет басшысы Асқар Маминнің тікелей тапсырмасымен апатты жағдайдағы жатақхана, ескі балабақша, монша секілді бос ғимараттарын паналап келген 28 отбасы үшін жаңа шағынауданнан баспана беріліп, ол отбасылар қоныс тойын тойлады.


Жалпы ауданы 70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 400 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келді. Барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, 9 шақырым жол төселді. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. 280 орындық жаңа балабақша, дәрігерлік амбулатория, полициялық тірек салынды. Балалардың ойын алаңдары мен 5,5 га саябақ, 2 спорт алаңшасы да жұртшылыққа ұсынылды. Желілік саябақ пен гүл бақтары шағынауданның көркіне көрік қосып тұр.


Естеріңізге салсақ, 2020 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бұзылып, салдарынан Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалған болатын. Төтенше жағдай жарияланып, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін бастапқыда 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 техника жұмылдырылды. 30 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз аймаққа көшіріліп, 24 эвакуациялық орынға орналастырылды. Мақтааралға бүкіл ел болып көмек қолын созды.


Апат салдарымен күреске көрші елден 100-ден аса арнайы техника мен 200 адам көмекке келді. Өзбекстандық жасақ елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізді. Егістік алқаптарды қалпына келтіріп, шитті мақта егуге атсалысты.


Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен, «Nur Otan» партиясының үйлестіруімен республикалық деңгейде жарияланған «Біз біргеміз» акциясы, жастар мен еріктілердің бастамасы негізінде құрылған «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы, облыс кәсіпкерлері журналистері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсетуде елеулі үлес қосты. Еліміздің барлық облыс, қалаларынан гуманитарлық көмек келді.


Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан аймақтағы әрбір тұрғын, яғни 6214 азаматқа республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат аударылды. «Болат Өтемұратов» қоры зардап шеккендерге үй салып беру үшін 6 млн. доллар бөлді. Кәсіпкер Алишер Усмановтың қорынан эвакуацияға ұшыраған тұрғындар үшін 5,2 млн $ аударылды. Бұл қаржы 5202 отбасына (30 420 адам) 1000 АҚШ долларынан үлестірілді. Су басқан 5700 га жуық егістік алқаптарының иелеріне 1,142 млрд.теңге өтемақы берілді. Төтенше жағдай кезінде үй жануарларынан айрылған азаматтарға мал шығыны толығымен төленді. Оларға «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы өтемақы ұсынылды.