Қарабұлақ ауылында орналасқан мал сою алаңдарында жыл сайын малдың қалдықтары ветеринариялық талаптарға сәйкес жойылып жатқан жоқ.
Түркістан облысының әкімі мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстарын ретке келтіру бойынша тапсырма берген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Сайрам ауданында болып, мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстарын ретке келтіру бойынша жұмыс тобын құру, туындаған мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты өңірде жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қарабұлақ ауыл округіндегі мал сою орындарындағы мәселелерді шешу жөнінде тиісті мамандармен жиын өткізді. Мамандар пікірін тыңдап, жұмысты жүйелеу жолдарын саралады.
Аудандық ветеринариялық инспекцияның мәліметіне сүйенсек, Қарабұлақ ауданы бойынша мал сою орындарында әр тәулікте орта есеппен 710 бас ірі қара, 405 бас жылқы, 1800 бас уақ мал сойылады.
Өкінішке қарай, Қарабұлақ ауылында орналасқан мал сою алаңдарында жыл сайын малдың қалдықтары ветеринариялық талаптарға сәйкес жойылып жатқан жоқ. Жұмысшы топ осы өңірдегі аталмыш мәселе бойынша бірнеше заң бұзушылықтарды анықтап, аумақтық инспекция тарапынан 9 мал сою орнына 414 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 3 мал сою орнының егелері мал сою бекеттерін елді мекеннен сыртқа шығаруға, алаңдарын өз еркімен жабуға келісімдерін берді.
Аталған мәселені шешу мақсатында сала мамандарымен бірігіп бірқатар ұсыныстар қарастырылуда. Олар: инсенератор пештері арқылы мал қалдықтарын кәдеге жарату, қалдықтарды тастайтын Беккари шұңқырларын салу, төрт түліктің жүндері мен терілерін өңдеу және ауыл мал қалдықтарын қайта өңдеу, ет өңдеу және кәдеге жарату.
Осы орайда құрылған жұмысшы топ жеке кәсіпкерлермен бірнеше рет жиналыс өткізді. Нәтижесінде, жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен Қарабұлақ ауылдық округінде орналасқан барлық мал сою орындарынан шыққан қанды төгетін Беккари шұңқырын дайындап, одан бөлек инсенератор пешін орналастыру бойынша жұмыс істейтін болып келісілді.
Айта кетейік, Сайрам ауданы бойынша 21 мал сою бекеті бар. Оның ішінде Қарабұлақ ауылы 11 мал сою орнымен қамтамасыз етілген. Аталмыш алаңдардың көбі заман талабына сай емес. Бұл эпизоотиялық және эндемиологиялық жағдайды ушықтыруы мүмкін.
Жиында мамандар мен кәсіпкерлер түрлі ұсыныстар айтып, жұмысты жандандыру жөнінде уағдаласты.