ТҮРКІСТАН: МӘМС жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіру жұмыстары күшейтіледі

0
88

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді.


ТҮРКІСТАН: МӘМС жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіру жұмыстары күшейтіледі

Түркістан облысында МӘМС жүйесіндегі өзгерістерді тұрғындарға түсіндіру жұмыстары күшейтіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен тұрғындарды Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қамту бойынша өңірлік штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер және әлеуметтік маңызы бар және созылмалы ауруларды емдеу шаралары талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев атқырылған жұмыстарға баяндама жасап, алдағы жоспарларға тоқталып өтті.


Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу ТМККК аясында көрсетіледі. Ал созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында көрсетіледі. Бұл қадам бюджеттік мүмкіндіктер мен міндеттемелерді ескере отырып, халықтың медициналық қызметтерге әділ әрі тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.


Айта кету керек, аталмыш диагноздары бар азаматтардың көпшілігі жеңілдік санаттарына кіреді және мемлекет есебінен сақтандырылған. Тағы бір бөлігі D және E санаттарына жатады. Олар келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың жарналары есебінен сақтандырылмақ. Сондай-ақ экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар өз денсаулығы үшін жауапкершілікті бөлісуге қабілетті. Жалпы, енгізілген түзетулер денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру моделін сақтандыруға негізделген жүйеге жақындатуға мүмкіндік береді. Бұл модельді әзірлеу кезінде бастапқыда жоспарланған бағытқа сәйкес келеді.


Көпшілік азаматтар МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесінің жоқ екенін емханаға барғанда ғана біледі. Мұндай қолайсыздықты болдырмау үшін дәрігерге жүгінбей тұрып, мәртебені алдын ала тексеріп алу қажет. «Сақтандырылған» мәртебесі болуы үшін соңғы 12 айда МӘМС жарналары бойынша қарыз болмауы тиіс. Әр азамат өз мәртебесін msqory.kz ресми сайтында, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында немесе Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы ЖСН енгізіп біле алады. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры екінші деңгейлі банктермен және медициналық ақпараттық жүйелер жеткізушілерімен келісімдер жасасып, мәртебені тексеру және жарна төлеу сервисін кеңейтіп отыр. Қазіргі таңда бұл мүмкіндік Damumed, Halyk Bank, BCC.KZ (Банк ЦентрКредит), Kaspi.kz, Forte Bank, Freedom SuperApp, Bereke Bank қосымшаларында қолжетімді.


Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы қозғалған мәселелерді аудан, қала әкімдіктеріне және мемлекеттік органдардың назарға алып, МӘМС бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.


Жалпы Түркістан облысы бойынша 2025 жылдың желтоқсан айында медициналық ұйымға тіркелген тұрғындар саны – 2 068 354. Оның ішінде сақтандырылғандардың саны – 1 685 204 (81,5 %), сақтандырылмағандар саны - 383 150(18,5) адамды құрайды.

Бөлісу