ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары атқарған жұмыстарын мәлім етті

0
1 261

Баспасөз өкілдерімен өткен мәжілісте мәслихат төрағалары аумақтардағы өзекті мәселелер жөнінде журналистер қойған сауалдарға жауап беріп, партия ұстанымы болып айқындалған құндылықтарға кеңінен тоқталды.


ТҮРКІСТАН: Мәслихат төрағалары атқарған жұмыстарын мәлім етті

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында мәслихат төрағалары атқарған жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жамиев, Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Асқар Кенехан және Арыс қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Ахметов баспасөз жиынын өткізді.


Брифинг мінберінен спикерлер өздері мандат иеленген аймақтарда партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, аймақтардағы депутаттық корпустың ықпалымен шешімін тапқан мәселелерді тізбектеді.


Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз алған Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Мырзабекұлы биылғы жылы аудандық мәслихаттың жеті сессиясы өтіп, олардың қорытындысымен 51 шешім қабылданғанын жеткізді. Аудандық мәслихат депутаттары аудан бюджетін нақтылау мәселесін екі сессияда қарап, нәтижесінде жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі 10,9 млрд. Теңгеге жуықтап жоспар 108,2 пайызға орындалған. Бюджет өзіндік кірістер есебінен артығымен орындалған. Есепті мерзімде аудандық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарға тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық және әлеуметтік салалар бойынша 15 депутаттық сауал жолдаған. Халық қалаулылары көтерген 13 мәселе шешімін тапса, 2 мәселе бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған.


Бәйдібек аудандық мәслихатының төрағасы Асқар Оразханұлы өз хабарламасында аудандық мәслихат құрамындағы 13 депутаттың 10-ы «AMANAT» партиясының өкілдері екенін айта отырып, олар мәслихат құрамындағы бюджет және экономикалық даму, әлеуметтік-мәдени даму және депутаттық этика, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың мүшелері болып табылатынын атап өтті.


Бәйдібектік депутаттар есепті мерзімде аудандық мәслихаттың алты сессиясының жұмысын жүргізіп, сессия мен тұрақты комиссия отырыстарында облыстық тексеру комиссияның, Мыңбұлақ ауылдық округ әкімінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен мекеме басшыларының есептерін тыңдаған. Есеп беруден бұрын депутаттар арасынан уақытша комиссия құрылып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша елді мекендерде жан-жақты зерттеу-талдау жұмыстары жүргізілген. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша сессияда мәселелер көтерілген.


Мәслихат сессияларының қорытындысымен аудандық өкілді органның отыз шешімі қабылданған. Оның ішінде 6 нормативтік құқықтық акт мемлекеттік тіркеуден өткізілген. Жыл ағымында қажеттіліктерге байланысты «2022-2023 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» шешіміне 2 мәрте өзгерістер енгізілсе, «2022-2023 жылдарға арналған ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне тиісті өзгерістер бір мәрте енгізілген.


Депутаттар тарапынан аудан әкімдігінің тиісті бөлімдері мен мекемелерге 26 депутаттық сауал жолданған. Аудандық мәслихат пен Қоғамдық кеңестің бірлескен көпшілік тыңдауында коммуналдық қызметтер мәселелері талқыланған. Бекітілген кестеге сәйкес, депутаттар партияның аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде айына 2 мәрте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізіп, тұрғындар көтерген мәселелердің оң шешім табуына ықпал еткен.


Арыс қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Төрегелдіұлы қалалық мәслихат депутаттарының қалалық мәні бар бағдарламалар мен жоспарлардың, шешімдердің қабылдануы мен орындалуына қосып отырған үлестерін нақты атап көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын сақтау, олардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын қамтамасыз ету, жергілікті жердегі әлеуметтік маңызы бар мәселелердің шешім табуы сынды өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.


Спикер Арыс қалалық мәслихатының құрамына кіретін 13 депутаттың 76,9 пайызы, яғни 10 депутаты «АMANAT» партиясының өкілдері болып табылатынын атап өтті. Партия өкілдері қалалық мәслихат құрамындағы бюджет және экономикалық даму, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларға мүше болып табылатынын айтып, халық қалаулылары есепті мерзімде қала бюджетіне байланысты – 3, ауыл бюджетіне байланысты – 2 өзгерістер енгізгенін жеткізді. Қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының 47 отырысы өтіп, әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданғанын атап өтті.


Мәслихаттың осы шақырылымдағы депутаттары барлығы сегіз сессия жұмысында өзекті деген 54 мәселені қарастырып, олардың оңтайлы шешім табуына үлестерін қосқан. Биылғы жылы қалалық мәслихаттың біріккен тұрақты комиссияларының отырыстарында сала басшыларының атқарған жұмыстары таразыланған.


Жергілікті өкілді органда қала әкiмiнiң өзiнiң функциялары мен мiндеттерiн орындау жөнiндегi есебi, 2023-2024 жылғы қысқы мауысымға дайындық жұмыстары бойынша қала әкiмдiгiнiң есебi, Арыс қаласында мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы сынды мәселелер тыңдалған.


Баспасөз өкілдерімен өткен мәжілісте мәслихат төрағалары аумақтардағы өзекті мәселелер жөнінде журналистер қойған сауалдарға жауап беріп, партия ұстанымы болып айқындалған құндылықтарға кеңінен тоқталды.