ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметшілер арасында қысқы біріншілік басталды

0
2 610

Бас жүлде үшін 46 команда бақ сынаспақ.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметшілер арасында қысқы біріншілік басталды

Түркістан облысында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан қысқы біріншілік басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістанда волейболдан Түркістан облысының қысқы біріншілігі басталды. Алаңда кәсіби спортшылар емес, мемлекеттік қызметкерлер. Бас жүлде үшін 46 команда бақ сынаспақ. Екі ай бойы өтетін қысқы біріншілікке командалар төрт топқа біріккен. Оның 16-сы аудан намысын қорғауда. Тартысты жарыстың жүлдегерлері 25 қаңтар күні анықталады. Сайыс «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ!» атты ұранымен өтуде. Жарыстың ашылуына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығын өзімізден бастайық. Дені мен тәні сай ұрпақ тәрбиелеуде тұрғындарға үлгі болып, спортты сенімді серік етуді үйретейік. Өздеріңізге белгілі, елімізде бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Бүгінгі біріншілікте баршаңызға сәттілік тілеймін. Іске сәт. Жеңістен жеңіске жете берейік», – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Жарыс барысында карантин талаптары толық сақталады. Ойынға қатысушылардың дене қызуы өлшеніп, жарыста әлеуметтік арақашықтықты ұстайды. Ойын залында қолды дезинфекциялауға арналған антисептикалық құралдар орнатылған.

Волейболдан мемлекеттік қызметшілер арасындағы Түркістан облысының қысқы біріншілігінің жеңімпаздарынан республикалық жарыстарға қатысуға облыс құрамасы іріктеледі. Сайыста Түркістан облысы әкімдігінің басқармалары, аумақтық департаменттері, құқық қорғау органдары, аудандық әкімдіктері бағын сынайтын болады.

Тартысты ойында сайысқан мемлекеттік қызметшілер осал еместігін көрсете білді. Ерекше дәлдігімен көзге түсіп, командасына ұпай әкелгендерге арнайы марапат бар. Спартакиаданың қорытындысы бойынша үздік атанғандар команда өңір намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.