Басқосуда облыс басшысы өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты.
Түркістан облысының мемлекеттік орган өкілдері мен инвесторлары ашық алаңда бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында инвесторларға қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық берілуде. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, мәселелерді жедел шешу және әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы жұмыстар инвестициялық белсенділіктің артуына ықпал етіп, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік кеңейіп келеді.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін талқылау мақсатында Түркістандағы «Достық үйі» ғимаратында өңірдің инвесторларымен кездесу өтті. Жиынға ҚР Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты. Күн тәртібінде инвесторлардың құқықтарын қорғауда прокуратура мен мемлекеттік органдардың рөлі қаралып, инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері тақыланды.
Жиында алғысөз алған Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Мемлекет басшысының тарихи шешімі еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартқанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, прокурорлық сүзгі, жүйелі проблемаларды шешу және дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері инвесторлардың құқығын қорғаудың негізгі бағыттары екеніне тоқталды.
Басқосуда облыс басшысы өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты.
– Мемлекет басшымыз отандық және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау сондай-ақ, оларды қорғау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін ерекше атап өтті. Осыған орай, өңірімізде бұл бағытта жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық портфелінде өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс, энергетика, туризм және басқа да салаларында ірі жобалар бар. Біз үшін инвестиция көлемі ғана емес, әрбір инвестордың өңірде өзін сенімді сезінуі аса маңызды. Сондықтан мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілерге жол бермеу, кәсіпкерлер мен инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Прокуратура тарапынан инвесторлардың құқықтарын қорғау, заңсыз тексерулердің, негізсіз талаптар мен әкімшілік тосқауылдардың алдын алу бағытындағы жұмысы өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етуде. Біз өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге күш салып келеміз. Жүйелі түрде жүзеге асырылған шаралардың нәтижесінде өңіріміз 7 айдың қорытындысымен экономикалық өсу қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында. Бұл бірлесіп атқарған ортақ жұмыстың жемісі деп есептейміз. Біздің ортақ мақсатымыз – заң үстемдігін қамтамасыз ете отырып, инвесторларға ашық және сапалы қызмет көрсету, – деген Нұралхан Оралбайұлы бірлескен жұмыстар өңір экономикасына жаңа инвестициялар тартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Жиын барысында Түркістан облысы әкімнің орынбасары Қанат Қайыпбек облыста инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен нәтижелер туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, биыл облысқа 1,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. 7 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім 137,5%-ды құрады. Осы жылғы I тоқсан қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 115 млн АҚШ долларына жетті. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 2,8 трлн теңге инвестиция тартып, 17 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделуде. Оның ішінде, биыл 370 млрд теңгеге 67 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 5 894 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. 7 ай қорытындысымен жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске қосылып, 631 жұмыс орны ашылды.
Кездесу барысында инвесторлар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар сауалдарын қойды. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында көрсетіліп жатқан қолдау мен мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар үшін алғыстарын білдірді.
Одан кейін Бас Прокурордың бірінші орынбасары «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен танысып, инвесторлармен кездесті.
Айта кетейік, Түркістан облысының прокуратурасы ұлттық және өңірлік пулға енгізілген 3,2 трлн теңгені құрайтын 219 инвест жобаны сүйемелдеу жүргізуде. Осы жылы жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвест-кейс шешімін тапты.


