ТҮРКІСТАН: Мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жұмысы күшейтіледі

0
53

Департамент тарапынан тұрақты кезекшілік ұйымдастырылады.


ТҮРКІСТАН: Мереке күндері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жұмысы күшейтіледі

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде мереке күндері қоғамдық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және облыстағы қоғамдық-саяси ахуал мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғалардың баяндамаларын тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.


Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев баяндама жасады. Оның айтуынша, Жаңа жыл мерекесі күндері полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет тәртібінде жұмыс атқарады. Әсіресе, адамдар жаппай жиналатын орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасыжалғасуда. Іс-шара барысында Әкімшілік кодексінің 196-бабына сәйкес, шектелген тауарларды сатқаны бойынша 81 дерек анықталып, жалпы 766 дана сәйкестік сертификаты жоқ пиротехникалық (салют) бұйым тәркіленіп алынған.


Өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бағдат Чайзада айтып берді. Мерекелік іс-шаралар өтетін объектілерде (сауда орталықтары, мәдениет үйлері, білім беру ұйымдары, шырша орнатылатын алаңдар) комиссиялық қарау арқылы тексерулер ұйымдастырылды. Жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін 956 нысан бақылауға алынды. Оның ішінде барлық нысандарға визуалды қараулар жүргізіліп, нәтижесінде 1 115 бұзушылық анықталды, 988 бұзушылық жойылды. Қалған бұзушылықтар бойынша нысан иелеріне оларды жою үшін мерзімі көрсетіліп, ұсыным хаттар берілген. Департамент тарапынан тұрақты кезекшілік ұйымдастырылады.


Облыс әкімі жауапты тұлғаларға мереке күндері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тиісті қызметкерлер мен арнайы автокөліктерді жұмылдыру, сондай-ақ өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында рейдтік жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аталған жұмыстарға басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің де тікелей жауапты екені ескертілді. Сонымен бірге өңір басшысы тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел назар аудару, тиісті жұмыстар жүргізу, хаттамалық тапсырмаларды уақтылы орындау маңызды екеніне де тоқталып, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.

Бөлісу