ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі баспана мәселесін шешудің тиімді жолын түсіндіріп берді

0
1 301

Баспана мәселесін шешудің тиімді жолы табылды.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі баспана мәселесін шешудің тиімді жолын түсіндіріп берді

Түркістан облысының әкімі баспана мәселесін шешудің тиімді жолын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы барлық аудандарда жаңа жобадағы қолжетімді тұрғын үйлер салына бастайды. Баспана мәселесін шешу үшін жүзеге асатын бастама жайлы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданы тұрғындарымен есепті кездесуде мәлімдеді. Жылдар бойы баспана тауқыметін тартқан аудан тұрғынының сұрағына жауап берген облыс әкімі баспана мәселесін шешудің тиімді жолын түсіндіріп берді.


Бұл бастама Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде жүзеге аса бастаған. Жеке кәсіпкер есебінен 70 га жерде 22 тұрғын үй салынуда. 22 үй “Отбасы банк” арқылы беріледі. 50% банктен, 50% бюджеттен 0,1% қайтарымды негізде қаржыландырылады. Пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 250 мың теңгеден аспайды.


Облыс әкімі Д.Сатыбалды бұл жобаны өзге аудандарда жүрізуге болатынын атап өтті.


«Баспана мәселесі қашанда өзекті. Сондықтан оны шешудің тиімді жолы ретінде жаңа бастаманы аудандарға енгізуге болады. Жергілікті әкімдіктер тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тапсыруға болады»,-деді облыс әкімі.


Төлеби ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа баспаналар жыл соңында беріледі.


Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр, Қаратөбе, Қайнар ауылдарында тұрғын үй салуға 217 гектар жер телімдерін беру үшін инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 1 мыңнан астам жер телімі беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ленгір қаласында 20 пәтерлі 9 тұрғын үй салынып, 180 отбасы баспаналы болды.


Ескірген су жүйелерін жөндеп, ашық су көздеріне су тазалағыш қондырғыларын орнату жұмыстарына биыл 1,2 млрд. теңге бөлініп, 9 нысан бойынша жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан халқы 100 пайыз ауыз су жүйесімен қамтылады.


Ленгір қаласындағы өзекті мәселенің бірі – кәріз жүйесі.Жаңадан салынып, кәріз жүйесіне қосылған үйлердің саны артуына байланысты бұрынғы кәріз жүйесінің күші жетпеуде. Осыған орай, заман талабына сай келетін «Кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылыс жұмыстары басталды.Жоба құны – 2,6 млрд. теңгені құрайды.


Табиғи газға 21 мың абонент (115 366 адам) қосылып, қамтылу деңгейі 93 пайызды құрады. Биыл Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық елді мекендерінде газ құбырының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде аудан халқы табиғи газбен 100 пайыз қамтылады.


Облыстық бюджет есебінен 29 елді мекеннің 73 көшесіне электр желісін жүргізуге және трансформатор орнатуға 989 млн. теңге бөлінді.


«Біздің мақсатымыз - облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Жергілікті әкім, өз кезегінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсау керек. Жаңа инвестицияларды тартуға, кәсіпорындарды ашу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бұл биліктің немесе әкімшіліктің міндеті деп қарамай, ортақ игілік жолында бүкіл ел болып мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, жұмыла жұмыс істейік. Барлықтарыңызды, ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Соңда ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Ауданда жыл басынан бері 5 ірі туристік нысан ашылды. Осы бағыттағы жұмыстарға күг салу керек. Сіздер осы аймақтағы ең маңызды деген, өзекті болып тұрған мәселелерді жақсы білесіздер. Сондықтан, күрделі мәселелерді шешуде бірлесе жүйелі шаралар қабылдайық»,– деді облыс әкімі Д.Сатыбалды.


Биыл ауданда 200 орындық мектеп, Ленгір қаласында 80 орындық оқушылар үйі салынуда. Зертас елді мекеніндегі Шомшақты мектебіне 150 орындық және Көксәйек елді мекеніндегі саз мектебіне қосымша ғимарат құрылыстары жүргізілуде. Зертас елді мекеніндегі мектептің қосымша ғимаратымен Ленгір қаласындағы оқушылар үйі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қаратөбе елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде


«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасымен 4 мектептің құрылысы жоспарлануда. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейнебақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 407 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 399 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 806 млн. теңгеге жуық бөлініп, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр.


2024 жылға Төлеби ауданы бойынша 5 медициналық нысан салу жоспарланған.


Аудан тұрғындарына мәдени және ойын-сауық қызметін көрсету мақсатында 15 мәдени нысан, 31 кітапхана жұмыс жасайды. Бірде-бір мәдениет нысандары жоқ Аққұм, Киелітас ауылдық округтерінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тиісті қаржы бөлініп, мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.


Кездесуде облыс әкіміне Төлеби ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өтініштерін жеткізді. Сонымен бірге жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа жауап беріліп, хаттамаға енгізілді. Облыс әкімінің халықпен кездесулері басқа аудан, қалаларда жалғасын табады.