ТҮРКІСТАН: Облыс прокуроры жетісайлықтармен жүздесті

0
928

51 мың тұлғаның құқықтары қорғалып, жұмысшыларға 34 млн. теңге жалақы қарыз өндірілген.


ТҮРКІСТАН: Облыс прокуроры жетісайлықтармен жүздесті

Түркістан облысының прокуроры Жетісай ауданына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының прокуроры Мұрат Әжінұрұлы Тілеубердиев Жетісай ауданына барды. Арнайы іс-сапар барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық соттың төрағасы Арман Шындалиевтің, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Досан Жамединов, қоғамдық ұйым төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.


Бас қосуда облыс прокуроры аудандағы 2023 жылдың 6 айында қылмыстың орын алуы мен алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың барысымен танысып, азаматтардың құқықтары мен мемлекет мүддесін қорғауға, аймақтағы қылмыстылық және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына басты назар аудару керектігін атап өтті. Көрсетілген мерзімде атқарылған жұмыстар және алға қойылған міндеттер бойынша әрбір сала басшылары баяндама жасады.


Прокуратура органдары мен жергілікті атқарушы биліктің, құзырлы орган қызметкерлерінің үйлестіру шараларының нәтижесінде бірінші жартыжылдықта облыс көлемінде жалпы қылмыстық құқықбұзушылық 17,4%-ға, мал ұрлығы 22,6%-ға, алаяқтық 15,7%-ға, ал, ұрлық 31,8%-ға төмендеген.


Қоғамдық мүддені қорғау саласында 51 мың тұлғаның құқықтары қорғалып,жұмысшыларға 34 млн. теңге жалақы қарыз өндірілген. Енгізілген қадағалау актілерімен 1664 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылып, бюджетке 260 млн теңге өндірілсе, 833 млн теңгенің мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылған» деген облыс прокуроры адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді, заңдылықтың бұзылуын, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ, олардың салдарын анықтауды және жоюды, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың қызметін тиімді үйлестіруді күн тәртібінен түсірмеу керектігін ескертті.


Жүздесу соңында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылықтарын арттыру бойынша қоғамдық ұйым басшыларының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Көтерілген мәселелер мен арыз-шағымдар бойынша құқықтық кеңестер беріліп, жазбаша түрде өтініштер қабылданды.