​Түркістан облысы ет экспорттау бойынша республикада көш бастап тұр

0
1 460

Мал басы санының көбейгеніне байланысты өңірдегі ет өндіру көрсеткіші 7 пайызға артқан.


​Түркістан облысы ет экспорттау бойынша республикада көш бастап тұр

ERNUR.KZ. Бүгін Түркістан облыстық Ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Бадырақов Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Баспасөз жиынында мекеменің жыл басынан бері жеткен жетістіктерін таныстырып, алдағы атқарылар жұмыс жоспарын баяндады, деп жазады Baq.kz.

Оның сөзінше, 2018 жылдың 9 айында ірі қара мал басы саны 11% артып, 972,6 мыңға жеткен. Қой мен ешкі саны 4,2 пайызға артып, 4323,0 мың басқа, жылқы 7,9 пайызға артып, 304,0 мың басқа, түйе 6,8 пайызға артып, 27,5 мың басқа, құс 8,2 пайызға артып, 1934,0 мың басқа көбейген.

«Мал басы санының көбейгеніне байланысты өңірдегі ет өндіру көрсеткіші 7 пайызға артқан. Нәтижесінде өндірілген ет көлемі 154,7 мың тоннаға жетіп отыр. Ал, жұмыртқа өнімі 9,2 пайызға артып, 146,7 млн. дананы құрады. Сүт 3,2 пайызға артып, 555 мың тоннаны құрады. Жалпы облыста 4,5 мың тонна ірі қараның еті алыс жақын шет елдерге экспортталып, тапсырма 4,5 есеге орындалды. Бұл етті экспорттау бойынша өңіріміздің республикада 1-орында тұрғанын білдіреді», - деді Нұрбек Бадырақов.

Бүгінде 2018-2027 жылдарға арналған ұзақ мерзімді етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес Түркістан облысының жұмыс жоспары әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, бекітілген. Жоба бойынша аналық ірі қара мал басын 2027 жылға қарай 1 218,7 мың басқа жеткізу, аналық ірі қара мал басының импортын 36 мың басқа жеткізу, фермерлік шаруашылықтардың аналық ірі қара малын сатып алу 150 мың басқа жеткізу көзделген.

Бағдарламаның негізгі міндеті фермерлік шаруашылықтарды дамыту болып табылады. Бағдарлама аясында 15 жылға дейін, 4 пайызбен несие беріледі.