60 миллионнан астам халқы бар Хубэй мақта өндірісінде көш бастап тұр.
Түркістан облысы және Хубэй өлкесі арасында бауырластық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Ухань қаласында жалғастырды. Хубэй өлкесіне қарайтын бұл аймақ елдің ең ірі экономикалық орталықтардың бірі және орталық Қытайдың ең ірі ауылшаруашылық провинцияларының бірі. 60 миллионнан астам халқы бар Хубэй мақта өндірісінде көш бастап тұр.
Сапар аясында облыс әкімі Хубэй провинциясының губернаторы Ван Чжэнпумен кездесіп, бауырластық меморандумына қол қойды. Құжат өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты қамтиды.
Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы ҚХР-ға жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген меймандостық пен жылы қабылдаулар үшін Хубэй провинциясының губернаторына алғысын білдіріп, өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде байланыста болып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.
Түркістан облысының Қытайға делегациясын басқарған өңір басшысы Дархан Сатыбалды Ухань қаласындағы іскер топтармен кездесіп, өңірдің әлеуетін таныстырды. Облыс әкімі бастаған делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы және Бас хатшысы Хуан Лисямен кездесті. Онда Хубэй халықаралық кәсіпорын қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу барысында екі елдің аймақтары арасындағы байланыс тұлғалары тағайындалды. Қазақстан-Хубэй байланыс орталығын құрғаны үшін Түркістан облысы әкімі төраға Хуан Чжоуженге куәлік тапсырды. Сонымен бірге Қадылбек Жалын мен Хуан Лисяға қазақстандық байланыс тұлғасының куәлігі берілді.
Сонымен қатар облыс әкімі Хубэй провинциясының іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Мақта өңдеу зауытын салу, Түркістан облысына тікелей рейстерді ашу, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылады.
Хубей өлкесі тоқыма өнеркәсібінен көш бастап тұр. Ухань – Қытайдың Хубей провинциясының орталығы. 12 миллионға жуық адам тұратын елдің орталық бөлігіндегі ең көп қоныстанған қала. Хубэй провинциясы – ҚХР экономикасындағы ең маңызды аймақтардың бірі болса, Ухань – Еуразияның маңызды логистикалық орталығы және негізгі көлік хабтарының бірі. Бұл өзен порты ғана емес, сонымен қатар Қытайдың ірі теміржол торабы.