Өңіраралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді.
Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы жобалар бойынша Жол картасына қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдан келген Хубэй провинциясы Халық Үкіметі төрағасының орынбасары Ма Гоцян бастаған ресми делегацияны қабылдады. Келіссөздер барысында тараптар өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жаңа жобаларды талқылап, Өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойды. Аталған құжат Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған келісімнің нақты іс-шараларын қамтиды.
Жол картасы Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті өңірлік деңгейде тереңдете түсуге жол ашады. Екі өңір арасындағы әріптестіктің нақты жоспарлармен бекітілген бұл құжат Түркістан облысына инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге, халықаралық нарыққа шығуға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті деңгейде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және экономиканың серпінді дамуына ықпал етеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісім жасалды.
Түркістан облысы әкімдігі мен ҚХР-дың Хубэй провинциясының әкімшілік орталығында орналасқан Ухань қалалық политехникалық колледжі арасында өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойылды. Құжат тараптар арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға, білім беру және ғылыми-зерттеу салаларында бірлескен бастамаларды дамытуға бағытталған.
2024 жылы Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылған болатын. Қазан айында Түркістанда өткен Халықаралық инвестициялық форумға Хубэй делегациясы мен 100-ден астам шетелдік компания қатысты. Ал маусымда Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» Саммиті аясында екі өңір арасындағы бауырластық келісім ресми түрде бекітілді.
– Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік жылдан-жылға нығайып келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, екі ел арасындағы берік достық байланыс – стратегиялық серіктестік пен мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі. Мемлекет басшылары арасындағы сенімді диалог пен тығыз серіктестік Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының барлық салада дамуына шешуші ықпал етіп отыр. Біз әрқашан өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Бұған дейін сіздермен екі рет кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқыладық. Біз сенімді серіктестермен өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге әрдайым дайынбыз. Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді ұсынамын. Осы орайда, Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында Жол картасына қол қойылмақ. Бұл бастама өзара тиімді серіктестіктің жарқын бастауы болады және өңірлеріміздің түрлі салаларда дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Хубэй провинциясы Халық Үкіметі төрағасының орынбасары Ма Гоцян Түркістан өңірінің әлеуетін жоғары бағалап, екі өңір арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Алдағы кезеңде өңіраралық байланыстар сауда-экономика, мәдениет, білім беру, ауыл шаруашылығы және жасыл технологиялар салаларында дамитын болады.
Түркістан мен Хубэй арасындағы әріптестік экспорттық әлеуетті арттырып, халықаралық сауда арналарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Хубэй провинциясы – Қытайдың ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында жетекші орын алады. Хубэй провинциясының өңірлік жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өткен жылы 840 миллиард АҚШ долларын құрады. Халық саны 60 миллионнан асады.
Өнеркәсіп саласында автомобиль жасау, металлургия, химия, фармацевтика, телекоммуникация және құрылыс материалдары өндірісі дамыған. Жалпы энергияның 64%-ы экологиялық таза көздерден өндіріледі. «Үш шатқал» су электр станциясы осы аймақта орналасқан. Негізгі серіктестері – Еуропалық Одақ, АҚШ және Жапония. Орталығы Ухань қаласы – Еуразия кеңістігіндегі ірі көлік-логистикалық орталықтардың бірі. Мұнда ракеталық және жолаушылар автобустарын шығаратын зауыттар, ракеталық қозғалтқыштар академиясы, әскери кеме жабдықтарына арналған және ғарыштық техника өндіретін зауыттар шоғырланған.