Түркістан облысында 34 мың жұмыс орны құрылады

0
620

Ең басты мәселе – жұмыссыздық.


Түркістан облысында 34 мың жұмыс орны құрылады

Түркістан облысында биыл 34 мың жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықпен күрес барысы талқыланды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдері мен жауапты басқармалар алдында жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті басты назарда болуы керектігін айтты.


«Ең басты мәселе – жұмыссыздық. Сондықтан осы түйткілге мән беру керектігін қайталап айтамын. Мемлекет басшысы жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу міндетін жүктеді. Әр ауданның экономикалық жағдайы тағы да зерделеніп, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашуға басымдық берілгені жөн», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Жұмыссыздықпен қатар бүгінде заңды тіркелмей, құжатсыз жұмыс істеп жүргендер де көп. Олар да статистикадағы жұмыссыздар санын арттырып жатыр. Сондықтан жұмыс берушілер де осы мәселеге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, 2022 жылы Өңірлік карта аясында облыста 34 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Оның 5 мыңнан астамы тұрақты жұмыс болады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда 9 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде Созақ, Төлеби және Шардара аудандарында 300-дей тұрақты жұмыс орындары ашылған. Өңірде тұрақты жұмыс орындарын ашуға басымдық берілмек.


Күн тәртібінде тазалық мәселесіне айрықша мән беріліп, осы саладағы кемшіліктер айтылды. Өңір басшысымен қолға алынған тазалық айлығының өту барысы, арнайы құрылған мониторингтік топтың пікірі тыңдалды. Түркістан қаласы бойынша тазалық жұмыстарының жай-күйі сөз болды. Қазіргі таңда Түркістанның барлық 875 көшесінің тазалығына «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС және «Шымкент Спец Комплекс» ЖШС мекемелері жауапты.


Механикалық жолмен 136 көше тазаланса, 651 көше қолмен тазаланады. Қала аумағы 6 тұрғын үй секторына бөлінген, әрбір секторда жеке кәсіпкерлер қосалқы мердігер ретінде тартылып, қоқыс алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қоқысты алып кету бойынша жұмыс кестесі түзілген. Дегенмен тұрғындар тарапынан санитарлық талапты сақтамайтындары да кездесуде. Белгіленген күннен бұрын көше бойына шығарылған қоқыс иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, екінші рет қайталанған жағдайда айыппұлдар салынады. Қоқыс тастау ережесін бұзып, қала тазалығына кері әсерін тигізген 80 азаматқа 900 мың теңге айыппұл салынған.


Облыс әкімі мониторинг жұмыстары барлық аудан, қалада жүргізілетінін айта келе тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытында түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды. Ережеге бағынбай, өзі тұратын аумақтағы көшені ластайтын тұрғындарға айыппұлдар салу ісі де жалғасады.