Түркістан облысында 60-қа жуық жаңа білім беру нысаны бой көтереді

0
120

Облыс аумағында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында 1 441 ұйым жұмыс істейді.


Түркістан облысында 60-қа жуық жаңа білім беру нысаны бой көтереді

Түркістан облысында 60-қа жуық жаңа білім беру нысаны бой көтереді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2025 жылы «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 мектеп, облыстық бюджет есебінен 17 білім беру нысаны іске қосылды. Сонымен қатар, 2027-2029 жылдары 16 830 орындық 58 жаңа білім беру нысанын салу жоспарлануда. Оның ішінде 40 жаңа мектеп пен 18 қосымша ғимарат бой көтермек. Бұл туралы Түркістан облысының Білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«2026-2027 жаңа оқу жылында да бірқатар жаңа білім беру нысаны ел игілігіне берілмек. Мәселен, Сайрам ауданындағы Бөкейхан мектебіне 300 орындық, ал Жетісай ауданындағы №57 «Сарыарқа» мектебінің орнына жеке инвестор есебінен 574 орындық жаңа ғимарат салынуда. Бұл екі жоба үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін шешуге бағытталған. Жалпы Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында облыста үш жыл ішінде 115 мектеп қайта жаңғыртудан өтеді. Ал 2025 жылы 125 мектептің 60-ына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 65 нысанға қажетті 5 млрд теңге білім саласындағы үнемделген қаражат есебінен қарастырылмақ. Биыл тағы 19 білім беру нысанына 1,4 млрд теңге бөлінді», – деді спикер.

Облыс аумағында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында 1 441 ұйым жұмыс істейді. Онда 153 285 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 99,6 пайызды құрап отыр. Бұл салада 13 316 педагог еңбек етсе, олардың 83,5 пайызының жоғары педагогикалық білімі бар.

Өткен оқу жылында облыстағы орта білім беру ұйымдарының саны 1 106-ға жетті. Оның ішінде 940-ы мемлекеттік, 166-сы жекеменшік мектеп. Өткен жылы 9-сыныпты 47 174, 11-сыныпты 35 294 түлек тәмамдады. 2 416 оқушы «Алтын белгі», 3 141 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 33 275 түлектің 10 582-сі, яғни 32 пайызы мемлекеттік білім беру грантын иеленді. Ал жаңа оқу жылында облыста бірінші сыныпқа 50 273 баланы қабылдау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, облыстағы білім беру нысандарының жаңа оқу жылындағы жылу маусымына дайындығы қамтамасыз етіліп, терроризмге қарсы қауіпсіздік бағытындағы қажетті шаралар толық орындалған.

Бөлісу