Қылмыс жасаған жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайларына талдау жүргізу кезінде 91 жасөспірімнің 4-еуі толық емес отбасынан шыққан
Түркістан облысында міндеттерін дұрыс орындамаған 700 ата-ана жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар төмендеген. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайларына талдау жүргізу кезінде 91 жасөспірімнің 4-еуі толық емес отбасынан шыққан және 35-нің ата-анасы жұмыссыз екені анықталды. Бұл туралы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында талқыланды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық еткен жиынға облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бегімхан Ахметов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мамбетова мен Түркістан облысы білім басқармасына қарасты облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасова қатысты.
Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Жиын барысында жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығының орынбасары Бегімхан Ахметов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың және оларға қарсы орын алған қылмыстарды алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды атап көрсетті. Қылмыстар түнгі уақытта ата-аналардың бақылаусыз жүрген жасөспірімдермен жасалған. Сол себептен, ұдайы түрде «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шаралары мен түнгі рейдтер өткізілуде. Сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 164 мекеме иесі Әкімшілік кодексінің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 324 қолайсыз отбасы және құқық бұзушылыққа бейім 496 кәмелетке толмаған полицияның есебіне алынды.
Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін Әкімшілік кодексінің 127-бабымен 700 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Бейсенбай Тәжібаев мәжілісте айтылған мәселелер бойынша құзырлы органдарға тиісті жұмыстарды жандандыруды тапсырып, қатаң бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.
– Биылғы 8 айды қорытып, комиссия отырысын өткізіп отырмыз. Кәмелетке толмаған балалардың арасындағы құқықбұзушылық деректері төмендеген. Дегенмен оларға қатысты жасалған қылмыстар тіркелуде. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіз болуы мемлекеттің назарында. Арнайы заң да бар. Кейбір аудандар бұл мәселелерді бақылауға алмай отыр. Өңірімізде белсенді жастар баршылық. Кешенді жоспар түзеу керек. Құрамына теологтарды, жастар орталығы, ассамблея, полиция департаменті өкілдерін қосып, аудандарда түрлі креативті жобаларды, достық мазмұндағы шараларды көбейтіңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Олқылықтардың алдын алу бағытында Білім басқармасы тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 17 аудан, қаладағы өкілдіктері құрылып, жалпы 66 штат бірлікке ұлғайды. 29 қыркүйектен бастап, барлық білім беру ұйымдарындағы балалардан жаппай сауалнама алынады. Буллингпен күрес жұмыстары жүргізілуде. Әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Финляндияның KiVa және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары секілді антибуллингтік жобалар іске асуда. «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» акциялары, сондай-ақ «Менің бауырым» жобасы жүзеге асты.