Түркістан облысында 800 шақырымға жуық жол жөнделеді

0
398

Одан бөлек, жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында 4 жылыту бекеті орналасқан.


Түркістан облысында 800 шақырымға жуық жол жөнделеді

Түркістан облысында биыл 800 шақырымға жуық жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.


«2024 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 747,8 шақырым жол мен көшелер қамтылады. Ал жыл қорытындысымен 617,2 шақырым пайдалануға беріледі деп көзделуде. Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 265,2 шақырым жолдың құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, аудандық маңызы бар 69 шақырым көшеге, елді мекендердегі 463 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандардағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығы филиалының тұрақты бақылауында. Филиал тарапынан нысандарға 105 рет бақылау жұмыстары жүргізіліп, 698 дана сынама алынған. Ал аудан-қала әкімдіктері тарапынан жолдарға 118 рет мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 492 дана сынама алынған. Одан бөлек, мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ке жуық ескерту хаттар жолданды. Сонымен қатар, 5 мердігер, 1 техникалық қадағалаушы және 5 авторлық қадағалаушы мекемеге 24,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жалпы сапасыз деп танылған 81 190 шаршы метр жол жамылғысы мен 228 шаршы метр аяқжол қайта салынды»,- деді басқарма басшысы.


Бұдан бөлек, облыс аумағында жол инфрақұрылымын дамытуда 4 ауқымды жоба жоспарланған. Нәтижесінде «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жолды қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің тарапынан «Сарыағаш айналма жолының» құрылысын бастау көзделген. Сонымен қатар, Шымкент және Түркістан айналма жолдарының құрылысы 2025 жылы іске асырылмақ.


Айта кетерлігі, өңірде республикалық маңызы бар жолдарды қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстары үшін 200-ге жуық техника жұмылдырылған. Автомобиль жолдарын дер кезінде тазалап, көк тайғақтың алдын алу үшін 5 588 текше метр құм, 417 тонна тұз әзірленген. Одан бөлек, жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында 4 жылыту бекеті орналасқан.