Күзгі шақыру кезеңінде 103 азамат Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды.
Түркістан облысында әскерге шақыру бекеті пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласы мен Сауран ауданы әкімшілігінің әскерге шақыру бекеті күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Әскерге шақыру пунктінің ашылу салтанатына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, зиялы қауым және мемлекеттік органдардың өкілдері, әскери қызметшілер, сонымен қатар әскерге аттанғалы тұрған сарбаздар мен белсенді жастар қатысты.
Салтанатты шарада қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңғыртудан өткен нысанның маңыздылығына тоқталып, әскери міндетті орындауға шақырылатын жастар үшін қолайлы, заманауи талаптарға сай жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жаңа шақыру бекеті әскерге шақыру науқандарын ұйымдастырудың тиімділігін арттырып, медициналық тексерулер мен құжаттандыру жұмыстарын біріздендіруге, жастардың әскери қызметке деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан қаласы бойынша көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында 93 азамат, ал күзгі шақыру кезеңінде 103 азамат Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды.


