Түркістан облысында азық-түлік бағасы тұрақты

0
81

Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.


Түркістан облысында азық-түлік бағасы тұрақты

Түркістан облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар облыс әкімдігінің тікелей бақылауында.


Апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелер жергілікті тауар өндірушілерге өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыға сатуға жол ашып отыр. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың азық-түлікті нарықтағыдан 20-30% төмен бағамен алуына мүмкіндік беруде.


Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа қолжетімді ету мақсатында Түркістан облысында 38 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Бұл дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарық бағасынан 20-30% төмен сатылуда.


Бағаны тұрақтандыру мақсатында қалыптасқан облыс әкімдігінің Тұрақтандыру қорында азық-түлік көлемі жеткілікті. Бүгінде өңірде 22 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар.


Қаладағы сауда желілеріндегі баға үстемесін қадағалау мақсатында жұмысшы топтар мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Соңғы 1 айдың ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз өсіргені үшін 59 сауда орнына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар өндірілді.


Сонымен қатар ет бағасын тұрақтандыру жұмыстары облыс әкімдігініңбақылауында тұр. Ет өндіретін шаруаларға арнайы мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету арқылы сиыр еті базарларда 2 600 теңгеден саудалануда. Осылайша, сиыр етінің ең төмен бағасы Түркістан облысында қалыптасып отыр.


Статистикалық деректерге сәйкес, Түркістан қаласында тұз, күнбағыс майы, сиыр еті, сары май, қант, жұмыртқа мен көкөніс өнімдерінің бағасы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда төмен деңгейде.


Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны негізсіз өсірмеу мақсатындағы мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Бөлісу