Бұл дүкендерге Тұрақтандыру қоры арқылы 19 әлеуметтік маңызы бар тауар жеткізіледі.
Түркістан облысында азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және баға өсімінің алдын алу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.
Тұрақтандыру қорының өнімдері облыс аумағында «Түркістан» ӘКК» АҚ-на қарасты 36 әлеуметтік дүкенде сатылуда. Нақтырақ айтқанда, Түркістан қаласында – 26, Кентау қаласында – 7, Арыс қаласында – 3, сондай-ақ, 3 ірі сауда үйінде және 25 сауда орнында ұйымдастырылған әлеуметтік бұрыштар жұмыс істейді. Бұл дүкендерге Тұрақтандыру қоры арқылы 19 әлеуметтік маңызы бар тауар жеткізіледі. Атап айтқанда, ұн, қант, күнбағыс майы, жұмыртқа, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат және басқа да өнімдер облыс аумағындағы ірі сауда желілері мен әлеуметтік дүкендерде нарықтан төмен бағада сатылуда.
Қазіргі таңда Республика бойынша сиыр етінің бағасы қымбаттауына байланысты Түркістанда сиыр етінің бағасы тұрақтандыру мақсатында орталық базар мен ірі сауда желілеріне сиыр етінің 1 келісі 2 300 теңгеден жеткізілуде.
Одан бөлек, облыс орталығы мен аудан, қалаларда дәстүрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылып, онда өнімдер базар бағасынан 10-15%-ға төмен ұсынылуда.
Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлермен тікелей келісімшарттар жасалып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден делдалсыз тікелей сатып алу жұмыстары жолға қойылған. Бұл өз кезегінде бағаны негізсіз өсіруге жол бермей, нарықты тұрақты өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.