​Түркістан облысында бес ауылға табиғи газ берілді

0
1 857

Түркістан облысының Жетісай ауданында бір күнде бес ауылға табиғи газ берілді.


​Түркістан облысында бес ауылға табиғи газ берілді

ERNUR.KZ. Түркістан облысының Жетісай ауданында бір күнде бес ауылға табиғи газ берілді. Атамекен және Достық ауылдық округтерінде өткен салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті, деп жазады ҚазАқпарат.

Қоғалы, Тыңдала, Байдала, Зерделі және Достық елді мекендеріне көгілдір отын тарту жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Облыстық бюджет есебінен жүргізілген нысанның жалпы сметалық құны 102,6 млн теңгені құрады. Ауылдарға газ жеткізу жұмыстарымен танысқан аймақ басшысы алдағы уақытта өзге елді мекендер де көгілдір отынмен қамтылатынын атап өтті.

«Қазіргі таңда Жетісай ауданында 104 елді мекеннің 46-сы, яғни 22 096 абонент табиғи газбен қамтылса, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 44,2 пайызын құрап отыр. Ал абонент саны бойынша 74,4 пайызға жетті», - деді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Жетісай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мақсатында 5 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 615,4 млн теңге қарастырылған болатын. Оның ішінде 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2018 жылдың шілде айында аяқталса, 3 елді мекеннің құрылысы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.