Өзін үнемі мәжбүрлеп үйренген әйел жақындықты неке шарты бойынша орындауға тиіс ауыр еңбек, қосымша үй шаруасы сияқты қабылдай бастайды...
Сурет: ЖИ
Төсек қатынасы – жай ғана жұбайлық міндет емес. Бұл екі адамның ұялу шегінен өтіп, бір-біріне шын жақындайтын ерекше сәті. Жан дүниесіндегі ең нәзік, ең сырлы тұстарын серігіне ашатын шақ.
Күйеудің разылығы әлде әйелдің күйі?
Біздің тілімізде «жұбайлық міндетін орындау» деген тіркес жиі қолданылады. Негізінде бұл ұғым ерлі-зайыптының бір-біріне деген қамқорлығын, жауапкершілігін және беріктігін білдіруі тиіс еді. Алайда бүгінгі күні бір жақты қолданыспен аясы тарылғандай. «Жұбайлық міндет» дегенде ойға «Күйеу шақырғанда, бармауға болмайды», Әйел күйеуінің разылығын алуы керек» деген тіркестер ілесе оралады. Яғни, біз жұбайлық міндетті тек әйелге жүктеп, оны төсектің айналасына таңып қойғандаймыз.
Қазақы менталитетте ұстамдылық, әдептілік және отбасы берекесін сақтауға ұмтылу жоғары бағаланады. Бірақ бұл қасиеттер кейде жан жарасын ішке бүгуге, өз қалауың мен шаршағаныңды айта алмауға әкеледі. Үйдегі тірлік, бала-шағаның қамы, қонақ күту, жұмыс – осының бәрінен шаршаған әйелдің түнде төсекте «ойнақтауға» шамасы қалмайды. Мұндай жағдай күнделікті күйбеңнен қажыған ер адамда да болуы мүмкін. Осындайда «міндет» деген желеумен өзін мәжбүрлеу екі адамның арасындағы жылуды арттырмайды, керісінше, көрінбейтін қамалды қалыңдата түседі.
Мәселенің тағы бір қыры – әйел жаратылысының ерекшеліктері мен әйел либидосы жайлы білім мен түсініктің аздығында. Көп жағдайда ер адамдар әйелдің қалауы бірден ояна бермейтінін, оған уақыт, эмоциялық жақындық, жылы сөз, назар және нәзік аймалау қажет екенін ескере бермейді. Қалауды біртіндеп оятуға, серігінің көңіл күйі мен дайындығына мән берудің орнына, бірден нәтиже талап етуге бейім. Ал әйел шаршағанын айтып немесе ішкі дайындығы болмай, төсектен бас тартса, «Жұбайлық міндетің» деп жүктеу немесе «Күйеуіңнің разылығын алуың керек» деп діни-дәстүрлі ұғымдарды өзіне ыңғайлап бұру арқылы манипуляция жасау жиі кездеседі.
Шын мәнінде, жұбайлар жарастығы қорқынышпен немесе еріксіздікпен орнамайды. Ер адам әйелдің жан дүниесі мен тәнінің ерекшелігін түсініп, оны аялап, қалауын бірге оятқанда ғана жақындық екі жаққа да қуаныш сыйлайды. Ал «разылық» пен «міндет» әйелді өзін құрбан етуге, іштей күйзелуге итермелейтін құралға айналса, ол отбасының берекесін кіргізбейді, қайта алыстатады.
«Мен еркекпін, маған керек», «Қалай болғанда да, менің қалауымды орындауға тиіссің», «Әйел ретінде өз міндетіңді атқармай отырсың», «Сен осылай етсең, сырттан басқаны іздемегенде, қайтемін?», «Басқалардың әйелі әйел сияқты, ал сен...», «Кинода көрсететін әйелдер мүлде басқа, құмар, қызық... Сенде, сірә, бірдеңе дұрыс емес» - осындай сөздермен манипулция жасап, мысын басуға тырысады.
Әйелдің миына «Сен міндеттісің» деген ойдың дәнін егу, түнгі қатынасты сол арқылы ұстап тұру – зорлық-зомбылықтың бір түрі. Сырттай қарағанда, одан әйелдің тәні мен жаны зардап шекпейтіндей көрінеді. Тіпті, ол өзі келісті деп ақтап алуға да болар, бәлкім? Алайда, мұндай қарым-қатынас әйелді күн сайын іштен мүжи береді. Өзін төмен, құнсыз сезінуінің, сүйікті жар сезінбеуінің түпкі себебі неде екенін әйелдің өзі де түсіне алмауы мүмкін.
Бірте-бірте әйелдің бойында өзінің табиғи сезімдері үшін кінәлі сезіну пайда болады. ол қалағаны үшін де қысылады, қаламағаны үшін де. Жанжал шықпауы, некені сақтауы немесе ауыр сөз естімеуі үшін «шақырған жерге» өзін зорлап дайындауға мәжбүр болады.
Мұндай міндеттеу арқылы болатын қатынас либидоға көмектесе ме? Мүлде жоқ. Тіпті керісінше әсер етеді. Күйеуімен қатынас оның табиғи қажеттіліктерін басып-жаншитын әрекетке, қорланудың бір түріне, өмірлік ауыр міндетке айналады. Мұндай жағдайда ол өзінің шынайы қалауын, ләззатын, қажеттілігін сезінуден қалады.
Өзін үнемі мәжбүрлеп үйренген әйел жақындықты неке шарты бойынша орындауға тиіс ауыр еңбек, қосымша үй шаруасы сияқты қабылдай бастайды.
Бірте-бірте төсекте жиналған ауыр сезімдер мен реніштер басқа уақытта, басқа жағдайда шыға бастайды. Көп жағдайда ол серігіне бағытталады. Бірақ әйел бұл жағдайда «Сен мені төсек қатынасына міндеттедің» деп емес, мүлде басқа себептерді алға тартып айыптайды. Яғни, негізгі мәселе айтылмаған күйі қалады.
Шын мәнінде ерлі-зайыптыларға бар керегі – ашық сөйлесу. «Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?» деп айтысу емес. Түнге қарай төсекті қалап, ойнақшып тұруы үшін күндіз өзіне қандай көмек керегін айту. Құштарлығын ояту үшін қандай әрекеттер және қанша уақыт керегін түсіндіру. Нені қаламайтынын және ненің қанағаттандыратынын талқылау. Бір-бірімінің сезіміне қызығушылық таныту. Оңашадағы осындай әңгімелерден соң ғана ерлі-зайыптылар бір-бірін түнде де жақсы тани бастайды.
Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


