Дәстүрлі жиын аясында инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылды.
Түркістан облысында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында облыстық тамыз конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, білім саласының мамандары, педагогтер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Конференция барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу мәселелері қозғалды.
Алқалы жиында алғысөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, алдағы мақсаттарды айқындады. Сонымен қатар облыс басшысы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады.
– Бүгінгі басқосуымыз ел өміріндегі тарихи өзгерістер кезеңінде өтіп отыр. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен жаңа Конституциямыз қабылданып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жауапты кезең басталды. Ата Заңымыз азаматтардың әлеуетін, білім мен ғылымды дамытуды мемлекеттік саясаттың өзекті әрі басты стратегиялық басымдығы етіп белгіледі. Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Қазіргі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект дәуіріне, яғни адамның ойлау мүмкіндігін компьютерлік жүйелер арқылы модельдеу кезеңіне аяқ басты. Сондықтан, жаңа Конституция жүктеген жауапкершілік пен заманауи технологияларды білім саласына тиімді енгізу – біздің басты міндетіміз. Еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы біздің өңірге тиесілі. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында облыс бойынша 1-сыныпқа 50 мыңнан астам бала қабылданады. Яғни, Қазақстандағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысының тұрғыны. Бұл көрсеткіш – жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балаларымызға қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыру – әкімдік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мектеп ғимаратын тұрғызумен іс бітпейді. Сапалы білім беру үшін ішкі жағдай мен заманауи жабдықталу деңгейі жоғары болуы тиіс. Әсіресе ауыл мектептеріндегі білім сапасын қала деңгейіне жеткізу – біздің стратегиялық мақсатымыз. Мен өңірдегі білім беру ұйымдарын арнайы аралап, мектептердің тыныс-тіршілігімен, материалдық-техникалық жағдайымен жеке танысып шықтым. Балаларымыздың оқу үдерісін барынша ыңғайлы, заманауи әрі қауіпсіз ету мақсатында бірқатар маңызды шешімдер қабылдадық. Нақтырақ айтқанда, білім беру ұйымдарын заманауи әрі сапалы жиһазбен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 75 мың жаңа парта, 10 мың жаңа тақта алу үшін қаржы бөлінді. Сондай-ақ, оқушыларымызға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру үшін 266 психологиялық кабинетті толықтай заманауи үлгіде жабдықтауға қаржы қарастырылды. Білім саласын дамыту – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Осы орайда, өңіріміздің адами капиталын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп отырған стратегиялық серіктесіміз – Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғыс айтамыз. Өңірдегі оқушы орнының тапшылығын шешуге үлес қосып отырған жекеменшік мектептердің де рөлі жоғары. Басты көрсеткіш – ғимараттың аумағы емес, онда берілетін білімнің сапасы. Мемлекет бұл мектептердің шығындарын 100 пайыз өтейтіндіктен, қойылатын талап та жоғары: білім сапасы бекітілген стандарттарға сай болуы керек. Меншік түріне қарамастан, балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасына бәріміз бірдей жауаптымыз. 2025-2026 оқу жылында Түркістан облысының білім сапасы 69 пайызды құрап, елімізде көш бастады. Бұл – әрине, ең алдымен, аянбай еңбек етіп жүрген білікті педагогтар қауымының қажырлы еңбегінің жемісі. Өңірімізде ұстаздардың еңбегін бағалап, оларға жан-жақты жағдай жасау – әкімдіктің әрдайым басты назарында. Алдымызда жаңа белестер мен ауқымды мақсаттар тұр. Біздің ең басты міндетіміз – заман талабына бейімделген, білімді, бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жаңа оқу жылында баршаңызға жетістіктер мен толағай табыстар тілеймін! – деген Нұралхан Оралбайұлы ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Іс-шара барысында бірқатар білім саласының үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.
Білім инфрақұрылымын жақсарту мақсатында өңірде 2024-2025 жылдары 29 жайлы мектеп іске қосылды. Облыстық бюджет есебінен 13 білім ордасы салынуда. 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орынға арналған қосымша 58 білім нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өткізілуде.
Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Түркістан облысында 2022-2025 жылдар аралығында жалпы құны 12 млрд теңгеден астам қайырымдылық жобаларын іске асырса, оның ішінде білім саласына 5,3 млрд теңгеге нақты қолдау көрсетілді. Биыл Қордың қолдауымен құны 5,1 млрд теңгеге 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталуда. Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 1 800 орындық «Жаңа буын орталықтарына» 2,6 млрд теңгеге заманауи робототехника, өнер және спорт құралдарымен жабдықтау қарастырылуда.
Мемлекет басшысының Жасанды интеллектіні орта білімге енгізу тапсырмасы бойынша Түркістан облысында сапалы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен алдағы 3 жылға қаржы қаралды. Бұл шара өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық жабдықтармен қамтып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын түбегейлі жоюға мүмкіндік береді.
Бүгінде өңір жастары республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында, ғылыми жоба байқауларында топ жарып, білім мен ғылымда үлкен биіктерді бағындырып келеді. Атап айтқанда, өткен оқу жылында ауыл мектептері республикалық олимпиадасында облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атанып, бас жүлдені иеленді.
Пленарлық кеңесте спикерлер білім саласындағы өзекті тақырыптарды ортаға салды.
Тамыз конференциясы – білім саласындағы жетістіктерді саралап қана қоймай, алда тұрған міндеттерді айқындайтын дәстүрлі жиын. Іс-шара барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, алдағы оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Айта кетейік, Республика бойынша тіркелген 7 896 мектептің 1 106-сы Түркістан облысында орналасқан. Сонымен қатар өңірде 1 441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинаты табысты қызмет көрсетіп келеді.


