Түркістан облысында бір ауылға газ берілді

0
206

«Сақалды құрылыстың» мәселесі шешілді.


Түркістан облысында бір ауылға газ берілді

Түркістан облысында «сақалды құрылыстың» мәселесі шешіліп, бір ауылға газ берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылы газға қосылды. Енді тұрғындар табиғи отынды баспаналарына тартуы керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, шаңырақтарына шаттық тіледі.


2019 жылы құрылысы аяқталған нысан бес жылдан бері тоқтап тұрған. Ол кезде облыстық бюджеттен 1,1 млрд. теңге қаражат жұмсалған. Ішкі газ құбыры ғана салынып, негізгі жеткізуші газ құбыры 2021 қолданысқа берілген. Газ құбырының ұзындығы 112 шақырымнан асады.


Аталған «сақалды құрылысты» өз бақылауына алған өңір басшысы жауаптылар мен мердігерге тиісті тапсырмалар беріп, күрделі мәселе шешімін тауып отыр. Ауылда 20 мыңға жуық тұрғын, 2300-ден астам абонент бар. «Көгілдір отынға» қол жеткізген Ескі Иқан тұрғындары ел азаматтарына ризашылықтарын білдірді.


Айта кетейік, облыс аумағында біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелер бар еді. Әсіресе, газ нысандарының құрылысы өзекті болды. Атап айтқанда, 2018-2021 жылдары құрылысы аяқталғанымен, 33 елді мекен түрлі себептермен табиғи газға қосылмай қалған болатын. Бүгінгі күні 16 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілсе, қалғанын жыл соңына дейін газға қосу жоспарланған. Сол жобалардың бірі Ескі Иқанда жүзеге асып отыр.


Биыл өңірде тағы 19 елді мекеннің 32 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылды. Сонымен қатар Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес аудандарындағы автоматты газ тарату станцияларының қуаты арттырылды.