2023 жылдың 6 айында келушілердің саны 79 мыңнан асып отыр.
Түркістан облысында экологиялық белсенді туризм бағытына сұраныс жоғары, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында экологиялық белсенді туризм бағытына сұраныс жоғары. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов айтты.
Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 75 мыңға жуық адамға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 171,8%-ға артқан. Оның ішінде, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне – 68350, «Қаратау» қорығына – 461, «Ақсу-Жабағылы» қорығына – 2356, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне – 3803 турист саяхаттаған. Ал, 2023 жылдың 6 айында келушілердің саны 79 мыңнан асып отыр.
Таза ауа, қайталанбас сұлу табиғат. Сирек кездесетін аң мен құстар. Соңғы уақытта еліміздің оңтүстік таулы аймақтарына саяхаттаушылар қатары артқан. Осыған орай жаңа туристік бағыттар ашыла бастады. Басқарма өкілінің айтуынша, қазіргі таңда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ мен маршрут құрылған.
«Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында экологиялық туризмді дамыту мақсатында 22 га жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Маршруттың жалпы ұзындығы – 44 шақырым. Маршрут бойында 14 ақпараттық стенд, 16 жол көрсеткіш, 9 орындық, 10 қоқыс орны, 4 әжетхана, 1 шолу алаңы жабдықталған. 2021 жылы Кентау қаласынан қорыққа дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Хантағы ауылынан 8 шақырым жолға тасжол төселді.
Туристер жиі келетін жердің бірі – Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Қазір мұнда жаңа туристік бағыттар ашылып жатыр. Бұл ретте, демалушылар қатары күннен күнге артып келеді. Адамдар сұлу табиғатты өз көзімен көру үшін келеді. Қиындықтарға қарамайды. Күрделі, соқпақты жолдарды жүріп өтеді. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілді. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс атқарады. Атап айтқанда, былтыр Төлеби ауданының Қасқасу ауылынан парк аумағына дейін жалпы ұзындығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.