Соңғы тәулікте COVID-19 індетінің 34 жағдайы тіркелді.
Түркістан облысында инфекциялық төсек-орындар екі есе азайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында коронавирус жұқтырған науқастар азайып, инфекциялық стационарлар қайтадан жабылып жатыр. Түркістан облысында инфекциялық төсек-орындар саны 3600 болса, бүгінде оның саны 2000-ға қысқарған. Бүгінде төсек-орын жүктемесі 33 %-ды құрайды. Коронавирустық инфекцияның әр түрлі сценариіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жалпы пандемия белең алғалы КВИ-дің 13 608 жағдайы анықталса, оның 7138-і симптомсыз өткен.
Айта кетейік, соңғы тәулікте COVID-19 індетінің 34 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0.25 % құрайды. Сондай-ақ, егу науқаны басталғалы 800 мыңнан астам адам вакцина салдырған. 87% көрсеткішпен Түркістан облысы коронавирусқа қарсы вакцина салдырудан елімізде көш бастап тұр.
Екпенің екінші компонентін 600 мыңнан астам адам қабылдаған. ІІ кезең бойынша вакцинациялау қамту пайызы - 67,8%. Қазір облыс аумағында 141 екпе қабылдау пункттері жұмыс істейді. Жалпы бүгінге дейін 1 003 240 ПТР сынамасы алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 1098 адам тексерілді.
Бүгінде вакцина сақтайтын қоймада көлемі 300 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш (-20оС) бар. Сонымен қатар,облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 дана мен 601 литр құрайтын 2 дана мұздатқыш сатып алынып, толық жеткізілді.