Түркістан облысында киелі нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
96

Түркістанның киелі мекендері – рухани туризмнің жаңа кезеңі


Түркістан облысында киелі нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында киелі нысандарды жаңғырту, туризмді жаңаша бағытта дамыту, инфрақұрылымын жақсарту бағытында аудан көлемінде бірқатар жұмыстар қолға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Машат шатқалында орналасқан «Тамшы әулие» – табиғи, тарихи әрі рухани жағынан ерекше орын. Бұл мекен ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып келе жатқан аңыз-әңгімелермен, емдік қасиетімен және тылсым табиғатымен ел арасында танымал. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен киелі нысандарды жаңғырту, туризмді жаңаша бағытта дамыту, инфрақұрылымын жақсарту бағытында аудан көлемінде бірқатар жұмыстар қолға алынған. Осы орайда бұл нысанға ерекше көңіл бөлініп, оның туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.


Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев арнайы барып, «Тамшы әулие» маңындағы жағдаймен танысты. Нысанға баратын жолдың қазіргі күйі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және санитарлық тазалық мәселелері талқыланды. Бұл жұмыстардың барлығы – туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.


Бүгінгі таңда аудан аумағында 36 туристік нысан қызмет көрсетуде. Олардың қатарында 3 қонақ үй,6 балалар сауықтыру лагері,2 емдік-сауықтыру орталығы, 21 туристік база мен демалыс аймағы және4 киелі нысан бар. Соның бірі – «Тамшы әулиесі».


«Тамшы әулие» деп аталуының өзіндік себебі бар. Жартастың төбесінен үздіксіз тамшылап тұратын мөлдір су – бұл жерді ерекше етіп тұр. Ғасырлар өтсе де, бұл су тоқтаған емес, сарқылмаған. Халық бұл суды шипалы санайды. Жартастың бетінде мүк басқан тұстары, түрлі пішіндегі тастардың табиғи үйлесімі – осы жерге аяқ басқан жанды таңдай қақтырмай қоймайды. Бұл табиғи-рухани нысан Түркістан облысының киелі жерлер картасына енген.


Соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша ауданға Түлкібас ауданына 9 мыңнан астам турист келген. Бұл – аудандағы туризмнің дамып, табиғи демалысқа деген сұраныстың артып келе жатқанының айғағы. Түлкібас табиғаты – нағыз альпілік аймаққа тән. Тау шатқалдары, сарқырап аққан өзендері, шипалы ауасы мен тарихи-рухани нысандары бар бұл өлке нағыз экотуризм мен рухани туризмді дамытуға лайық. Табиғат пен тарих тоғысқан бұл мекен тек тынығу орны ғана емес, жас ұрпақты рухани тәрбиелеу мен туған өлкені сүюге баулудың тамаша үлгісі.


Алдағы мақсат – туризм саласындағы қызмет сапасын арттырып, инфрақұрылымды дамыта отырып, келушілер санын еселеп арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Бөлісу